«Қара алтын құны көтерiле ме?» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 22 мамыр, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
Бүгінгі республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының беттерінен орын алған басты тақырып, әрине, - VIII Астана экономикалық форумы. Елордамызда кеше басталған бұл форум әлемдік экономиканың бүгінгі таңда бастан кешіп отырған күрмеулі мәселелерін талқылайтын маңызды диалог алаңына айналып үлгірді. Осымен қатарынан сегізінші рет өткізіліп отырған АЭФ-ке әлемнің 90 елінен делегаттар қатысып отырғандығы соның айқын айғағы. Сонымен бірге биылғы форумға 200-ден астам вип-спикер қатысуда. Олардың қатарында премьер-министрлер, қаржы институттарының төрағалары, Нобель сыйлығының лауреаттары және беделді халықаралық ұйымдардың басшылары бар. VIII Астана экономикалық форумының басты тақырыбы: «Инфрақұрылым - экономиканың тұрақты дамуының драйвері». Республикалық «Егемен Қазақстан» газеті жазып отырғандай, бүгінгі өркениет биігіндегі даму жағдайында инфрақұрылым - экономиканың күретамыры десек, артық айтқандық емес. Бүгінде қарқынды даму биігіне көтеріліп отырған мемлекеттердің барлығы дерлік экономикалық өсу үрдісін инфрақұрылымнан бастады.
Түйіндей айтсақ, екі күн бойы елордадағы Тәуелсіздік сарайында жаһандық экономиканы тығырықтан құтқару жолында тиімді де басым бағыттардың бірі ретіндегі инфрақұрылымды дамыту тақырыбы орамды ойлар, пайымды пікірлер, нақты ұсыныстар ретінде ортаға салынбақ. Жалпыұлттық республикалық газет форум материалдарына қатысты топтаманы оқырмандарына «Экономикалық ойдың әлемдік мінбері» деген жалпы тақырыппен ұсынып отыр.
Бұған дейін агенттік сайтында, сондай-ақ барлық басылымдарда жарық көрген «Ұлт жоспары. 100 нақты қадам» Президенттік 5 реформасы қоғамда зор өрлеу туғызды. Басылымның осы тақырыптағы арнаулы беті «Ұлт жоспары. 5 реформа және 100 қадам» деген жалпы тақырыппен ұсынылып отыр.
Бұған дейін хабарланғанындай, сәрсенбі күні Ресей Федерациясының астанасында мәскеулік жазушы Сергей Плехановтың Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметі туралы «Жібектей есілмеген жол» (Не шелковый путь») атты кітабының тұсаукесер рәсімі болып өтті. Газет тілшісінің осы шарадан жазған «Жауапты жылдар жүгі» атты таныстырылымнан есебі егжей-тегжейлі жарияланған. «Бұл жол - жібектей есілген жол емес-ті, бұралаңы мен қиралаңы, тіпті, қауіпті құздары да көп еді, алайда қазақ баласы сол жолмен заңғар биікке көтеріле алғанын бүгінгі күні Шығыс та, Батыс та мойындап отыр. Мен бұл кітаптың ұзақ та қызық өмірі болатынына және әлемнің түпкір-түпкірінде оны зерттеушілер мен оқитындар көп болатынына сенімдімін, дейді Н.Назарбаевтың Мәдениет, білім, және әлеуметтік бағдарламалар жөніндегі қорының директоры Қанат Саудабаев кітаптың тұсаукесерінде. ***
Әлемдік сарапшылар «Ресей экономикасы қайта қалпына келіп, қарқын алған күннің өзінде мұнай бағасы бұрынғы деңгейіне көтеріле қоймайды» деген болжам жасауда, деп жазады "Айқын" газетi.
"Бұл туралы Халықаралық валюта қоры директорының орынбасары Юха Кахонен «Аймақтық экономика дамуының келешегі» атты кезекті баяндамасында мәлімдеді. Ғаламдық экономикалық дағдарыс індеті әлемнің экономикалық тұрғыда даму қарқынын әлсіретуде. АҚШ пен еуроаймақ қаржылық күйзелістен кейін де өз үлесін жібермеуге тырысқанымен, әлемдегі қаржылық дамудың нысанасы есептелетін нарығын қалыптастырып үлгерген мемлекеттер, Қытай және Ресей есе жіберген болатын. Халықаралық валюта қорының болжамына сүйенсек, бұл мәліметтің келесі жылы да мәні осындай болмақ", - делiнген "Қара алтын құны көтерiле ме?" атты мақалада. Сонымен қатар, Юха Кахонен «биыл мұнай бағасы барреліне 58 доллар болады. 2020 жылға дейін 74 АҚШ долларын құрайды» деген болжам жасады. Яғни, келешекте орта бағасын қалыпқа келтіруі мүмкін болғанымен, 2014 жылдағы құнын қайтара аламайды. «Бұл әлемдік экономика үшін жақсы жағдай. Десек те, мұнай экспорттаушы елдер үшін кері әсерін тигізері сөзсіз», - деді Валюта қоры директорының орынбасары.
Қызылорда диқаншылары күрiштiң өнiмдiлiгiн 50 пайызға дейiн арттыратын қазақстандық әдiстi пайдалана бастады. Бұл туралы "Айқын" басылымы "Өнiмдiлiктi арттыратын әдiс" атты мақаласында хабарлап отыр.
Елімізге белгілі ғалым, Әбдімәлік Әшіров жуырда ауыл шаруашылығы дәнді дақылдарының өнімділігін 25-50 пайызға дейін арттыру әдісін ойлап тапқан еді.
Осы әдісі арқылы Нобель сыйлығына ұсынылып отырған №272-ғылыми жаңалық Сыр елінің диқандары үшін де маңызды болып отыр. Себебі, аталған жобаны Қызылорда аймағы бойынша, үйлестіруші Сұлтан Әшімов күріш өсіретін шаруашылықтарда тәжірибе жүргізіп, жақсы көрсеткіштерге ие болғанын айтып отыр.
Ал ғалымның айтуынша, озық технология бойынша егілген тұқымнан тәжірибе жүргізу барысында 84 пайызға дейін өнім алынған. Бұл жерде дән қоймаларда биорезонансты жолмен активтендіріледі. Одан кейін кем дегенде 10-15 күннің ішінде егілуі тиіс екен. «Бұл, ауыл шаруашылығы дақылдарының ұрығы мен түйнектерін егу алдындағы өңдеу тәсілі. Мұнда осыған дейін ауыл шаруашылығында пайдаланылмаған космогеофизикалық параметрлер қолданылады. Ұсынылып отырған өңдеу технологиясы өте қарапайым. Ол қол еңбегі мен қуат шығынын қажет етпейді. Биорезонанс беретін модуляторға ток көзі ретінде 12 вольттік автомобиль аккумуляторын пайдалануға болады. Егілетін дән кез келген мөлшерде, түрлі ыдыста бола алады. Өңдеу уақыты - 11 минут. Қысқа минутта белсендірілген дәннен 30-50 пайызға дейін артық өнім ала аламыз. Және қосымша тыңайтқыш қажет емес»,- дейді техника ғылымдарының докторы, профессор, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі Ә.Әшіров.
***
Ал "Түркiстан" басылымының хабарлауынша, еліміз БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі атануға ниетті. "2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуға ұмтылу туралы бастама елімізде осыдан екі жыл бұрын, Қазақстанның БҰҰ құрамына енгеніне 20 жыл толуы қарсаңында көтерілген болатын. Еліміздің БҰҰ құрылымдық бөлімшелерімен жемісті әрі тығыз қарым-қатынастарын есепке ала отырып, сондай-ақ, мемлекеттің қазіргі халықаралық қоғамдастықтағы рөлін ескере келе, Қазақстан өз алдына БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі ретінде сайлану міндетін қойды. Мақсатқа қол жеткізу жолындағы күрес сол кезден-ақ басталып кетті. Күрес дейтін себебіміз, аталмыш ұйымға мүше болуға ниет білдірушілер көп. Бірақ бұл мәртебе таңдаулыларға ғана бұйырады. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшелігіне ену үшін ұйымға мүше 193 мемлекеттің кем дегенде 129-ының сеніміне ие болуы керек", - делiнген "Қазақстанға биік мәртебе бұйыра ма?" атты мақалада.
***
Ресми тiлдi "Экспресс К" газетiнiң бүгiнгi санында Қостанай облысындағы киiктердiң қырылуына қатысты материал дайындады. Пастереллез дертi казақстандық киiктердi бактериологиялық қарудың қарқынымен жайпап барады. 11 күннiң iшiнде әрбiр оныншы дала антилопасы өлдi.
Еске сала кетейiк, 10 мамырда Қостанай облысында алғашқы өлi 117 киiк табылған болатын. Кейiн олардың саны арта бердi және 18 мамырда қырылған антилопалар 19 мыңнан асып кеттi. Ал кеше Қостанай өңiрiнiң ТЖ департаментi 28 мың ақбөкен қырылғанын хабарлады! Толығырақ, "Как низко пал сайгак" атты материалдан оқи аласыздар.