«Қара бүркіт» түрмесінде отырған қылмыскердің тағы 2 әйелді өлтіргені белгілі болды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласында 8 адамды өлтірген тұрғын өмір бойына сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық соттың ресми сайтына сілтеме жасап.
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқа билердің қатысуымен Қылмыстық кодекстің 96-бабы, 2-бөлігі, «а, ж,с» тармақтарымен (пайдакүнемдік ниетпен, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, екі немесе одан көп адамды өлтіру) және 385-баптың 3-бөлігімен сотқа берілген С-ға қатысты қылмыстық іс аяқталды.
Соттың 2013 жылғы үкімімен оған 8 адамды өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
С. жазасын «Қара бүркіт» қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеп жатқанда С-ның тағы екі жазықсыз әйелді өлтіруге қатысқаны анықталды.
2001 жылдың күзінде С. жәбірленушілер Б. мен К-ға олардың пәтерін иемдену мақсатында сенім білдірді. 2001 жылдың қазан айында ол өзіне және Б-ға сенім артқан азаматтарды жалға алған үйге шақырып, онда ол басқа адамдармен бірге оларды өлтірген.
Кейіннен С. және басқа адамдар меншік құқығының құжаттарын иемденіп, жалған сенімхат арқалы пәтерлерді сатқан.
Алқабилердің шешімімен ол бірауыздан Қылмыстық кодекстің 96-бабы, 2-бөлігі, «а, ж, з» тармақтарымен кінәлі деп танылып, оған қайтадан өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.