Қара Ертіске бекіре оралды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM - Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев пен «Оst Fish» ЖШС басшылығы арасындағы кездесуде Зайсан-Ертіс бассейніне бекіре балығын жіберу туралы ұсыныс айтылған. Ол ұсыныс дереу іске асып, Қара Ертіске әлдеқашан жойылып кеткен Сібір бекіресі жіберілді.

Ертіске бекіре жіберілді
Фото: ШҚО Ақпарат орталығы
бекіре
Фото: ШҚО Ақпарат орталығы

Жергілікті халық үшін де, Зайсан көлі мен Қара Ертіс өзенінің экожүйесі үшін де маңызы зор іс-шараға Шығысқа жұмыс сапарымен келген экология министрі Ерлан Нысанбаев қатысты.

Айта кетейік, бұл жұмысты облысымыздағы бекіре балығының уылдырығын және етін өндірумен айналысатын іргелі кәсіпорындардың бірі «Ost Fish» ЖШС қолға алған.

Ерлан Нысанбаев
Фото: ШҚО Ақпарат орталығы

Аталған кәсіпорынның бас директоры Ерлан Сағидолдин экология министріне бекіре тұқымдас балықтарды өсірудің ерекшеліктері, оларды қорғау, жергілікті экожүйені сақтау және басқа да мәселелер жөнінде баян етті.

– Бүгінде біз бекіренің үш түрін өсіреміз. Оның ішінде Сібір бекіресі де бар. Биылғы көктемде кәсіпорнымызда технологияны жаңарту жұмыстары жүргізілген. Соның нәтижесінде жылына 500 мыңға жуық шабақ алуға болатындай инфрақұрылым құрылды. Енді шабақтарымызды Абай, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының су айдындарына жіберуді жоспарлап отырмыз, – деп мәлім етті кәсіпорын басшысы.

бекіре
Фото: ШҚО Ақпарат орталығы

Оның айтуынша, бүгін Марқакөл мен Зайсан аудандарын бөліп жатқан Қара Ертіс өзеніне Сібір бекіресінің бір жасар 500 дарағы жіберілді. Балықтардың әрқайсының салмағы 1,5 келіге дейін тартады. Демек оларға бұл суларды мекен ететін жыртқыш балықтардан келер қауіп жоқ.

Көппен бірге Сібір бекіресінің тарихи мекеніне оралуына куә болған экология министрі Ерлан Нысанбаев бұл өте құптарлық бастама екенін айтты. Себебі, Сібір бекіресі Зайсан мен Ертісті ежелден мекендеген. Алайда өткен ғасырдың 50-60 жылдарындағы су электр стансаларының салынуы әдетте Сібір мен Алтай арасында өрлеп-құлдап жүретін балықтардың жоғары өрістеуіне тосқауыл болған. Енді міне, бұл проблема да шешімін тапқандай.

бекіре
Фото: ШҚО Ақпарат орталығы

– Сібір бекіресін Зайсан бассейніне, Қара Ертіске жерсіндіруді көздеп, бұл бағытта батыл әрекет еткен азаматтарға алғыстан басқа айтарым жоқ. Еңбектеріне тек сәттілік тілеймін. Министрлік тарапынан бұл бастамаға үн қосып, қолдау білдіруге даярмыз. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табатын болады, – деген ведомство басшысы қазір балық өсіремін дегендерге мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау бар екенін жеткізді.

бекіре жіберу
Фото: ШҚО Ақпарат орталығы

 

Соңғы жаңалықтар