«Қара киімділер 3-тің» қазақ тілінде дубляждалған түрі DVD және Blu-ray дисктерінде сатылып жатыр

АСТАНА. 21 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгіннен бастап «Қара киімділер 3» фильмі DVD және Blu-ray форматтарында таратыла бастады.

 «Қара киімділер 3-тің»  қазақ тілінде дубляждалған түрі DVD және Blu-ray дисктерінде сатылып жатыр

Қазақ тілі «Columbia Pictures» киностудиясының «Қара киімділер 3» фильмінің кейіпкерлері сөйлеген әлемнің 7-ші тілі болмақ. «Columbia Pictures» компаниясының дисктерінің  «Тілдер» бөлімінде алғаш рет қазақ тілі пайда болды. Бұл жайында «Болашақ» қауымдастығының баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Аударманың дәлдігін қамтамасыз ету үшін фильм мәтіні ағылшын тілінен тікелей қазақ тіліне аударылды. Дубляж халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келеді. Жобаны қазақ тілінің ерекшеліктеріне сәйкес келетін жаңа фильм деп те айтуға болады.

Дыбыстау жұмыстары Алматы қаласындағы «Cinema Tone Production» студиясында өткізілді. Ақырғы монтаж жұмыстары Лондон қаласындағы «Shepperton» студиясында жасалды. Фильмнің қазақ тілді нұсқасын шығару үшін АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Қазақстан елдерінің мамандары қызмет етті. 

Айта кетейік, американдық актер Уилл Смитті дыбыстау үшін Азамат Қанапияев таңдалды. Азамат «Көліктер 2» мультфильмінің кейіпкері Мэтрді де дыбыстаған болатын. Уолт Дисней компаниясының өкілдері оның дауысына жоғары баға берді. «Қара киімділер 3» - 2012 жылдың ең маңызды премьераларының бірі, Жердегі ғаламшарлықтардың қызметін қадағалап отыратын құпия ұйымның қызметкерлері жайлы фильмнің жалғасы. Комедия жанрында түсірілген бұл фильм достық, адалдық, батылдық секілді құндылықтарды насихаттайды.

Фильмнің дубляжын «Болашақ» қауымдастығы «MARWIN» компаниясымен бірлесе отырып, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ қолдауымен жүзеге асырды.

Күзде, сонымен қатар, «Батыл жүрек» пен «Жаңа Өрмекші адам» фильмдерінің мемлекеттік тілге дубляжданған түрі DVD және Blu-ray дисктерінде шығады.