«Қара тiзiмдегiлер» тендерге қатыса алмайды - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 20 наурыз, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Қара тiзiмдегiлер» тендерге қатыса алмайды - баспасөзге шолу

*** Сонымен, бүгiн « Егемен Қазақстан » басылымында жарияланған « Дәуір драмасы » атты мақалада «Қазақфильм» киностудиясының халқымыздың бастан кешкен тауқыметтерін бейнелейтін жаңа картина жайында болып отыр. "Елімізде Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына арналған «Анаға оралу» («Дорога к матери») атты толықметражды фильм түсірілуде. Аталмыш картинаны Рашид Сүлейменовтің жақында ғана тұсауы кесілген «Оралу» фильмімен шатастырмау керек. Ақпарат айдынындағы әріптестеріміз кең ауқымды тарихи-шытырман оқиғалы фильмнің бастапқы ­атауын «Ана жүрегі» деп те аударып жүр. Режиссер Ақан Сатаевтың түсіру жұмыстарын бастап кеткеніне ай болды. Түсіру тобы кеше Алматыдағы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Анаға оралу» фильмінің түсіру жұмыстары басталуына байланысты алғашқы баспасөз мәслихатын өткізді. Осыдан кейін журналистер фильмнің бас продюсері Әлия Назарбаеваның қатысуымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында болып, декорациялық көріністерді тамашалап, актерлерден сұхбат алды", - делiнген мақалада.

Қазақстан Президенті елімізге жұмыс сапарымен келген Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен кездесті, деп хабарлайды "Егемен Қазақстан". Кездесу барысында мемлекеттер басшылары сауда-экономика, инвестиция, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастықты қамтитын Қа­зақ­стан-Беларусь қарым-қатына­сы­ның негізгі мәселелерін талқы­лады. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев пен Александр Лукашенко халық­аралық күн тәртібіндегі өзекті жайттар жөнінде пікір алмасты. Қазақстан Президенті екі­жақты ынтымақтастық аясында ел­деріміз қол жеткізген барлық уағдаластықтар табысты орындалып жатқанын атап өтті. Осыған байланысты Мемлекет басшысы екі елдің көптеген бірлескен кәсіп­орындары жұмыс жүргізіп жат­қанына назар аудара келіп, бұл істің алдағы уақытта да жалғасатынын айтты. Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ Беларусь Президентінің Украина дағдарысын реттеу ісіндегі үлесіне тоқталып өтті. - Орын алып отырған тайта­ластың ешкімге пайда бермейтіні жөніндегі біздің ұстанымдарымыз толығымен үндеседі, - деді Мем­лекет басшысы.

***

Енді депутаттар Елбасының «Нұр Отан» съезінде жариялаған бес институционалдық реформасын жүзеге асыруға атсалысуға жұмылады. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Сенаттың кешегі жалпы отырысында хабарланды, деп жазады « Айқын » газетi « Бес реформаны жүзеге асыруға жұмылу керек » атты мақалада.

«Елбасының уақыт талабымен үндескен бұл бастамалары еліміздің бүгінгі қол жеткізген жетістіктері мен ішкі саяси келісімі негізінде Қазақстан қоғамын одан әрі экономикалық және саяси жаңғыртудың жаңа белестеріне жол бастап, мемлекеттің тұрақтылығы мен баянды болашағын нығайта түседі», - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Жоғарғы палата төрағасының байла­мынша, «шын мәнінде, стратегиялық маңызға ие 5 институционалдық ре­фор­ма» сайып келгенде, бүгінгі күрделі әлем­дегі Қазақстанның эконо­микалық өрлеуін қамтамасыз етуді және демократиялық құн­дылықтарды одан әрі ілгерілетуді көздейді». Кезең-кезеңмен жү­зеге асы­ры­латын кешенді ша­ралар «заман талабына сай мем­лекеттік аппаратты қалып­тас­тыру, заң үстемдігі мен сот әділ­дігін қамтамасыз ету, индустрия­ландыру мен экономиканы әр­тараптандыру арқылы болашағы біртұтас ұлтты, ашық және есеп беруші мемлекет құруды көз­дейтін аса маңызды мәселелерді қамтып отыр».

«Айқын» басылымының бүгiнгi санында « Қара тiзiмдегiлер » тендерге қатыса алмайды » атты мақала жарыққа шықты.

Онда хабарланғанындай, мемлекеттік сатып алуда болсын, ұлттық компаниялар өткізетін сатып алуда болсын, жеңімпаз атанып, көрсеткен қызметі мен атқаратын жұмысына салғырт қараған, сатып алушы тапсырысы бойынша өндірген өнімінің сапасы сын көтермейтін кәсіпкерлік субъектісі «Жауапсыз жеткізушілер реестріне» енгізіледі.

«Мұны сатып алу өткізетін мекеменің «қара тізімі» деуге болады. Бұл реестрге енген компания біраз жыл сатып алу нарығына кіре алмайды. Яғни ол үшін тендер өткізетін мекемелердің есігі тарс жабылады. Өкінішке қарай, соңғы уақытта «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының сатып алуларына қатысқан отандық өндірушілер арасында әлгі «қара тізімге» енгендер саны көбейіп барады екен. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» қорының Орталық коммуникациялар қызметінде өткізген баспасөз мәслихатында айтылды. Жыл басынан бері ғана 170-тен астам кәсіпкерлік субъектісі Қордың «Жауапсыз жеткізушілер реестрінен» орын алыпты», - делiнген мақалада.

***

Қазақстанның өз Леонид Гайдайы пайда болды, деп хабарлайды ресми тiлде жарыққа шығатын "Экспресс К" газетi.

«Қазақстанның жаңа «Свадьба на троих» комедиясы кассалық рекордтарды орнатуда. Прокаттың бiрiншi аптасында ол 450 мың доллар түсiрiп үлгердi. Көрермендердiң күлкiсi фильм бiткенше тыйылмайды. Бұл лента отандық комедиялардың алтын қорына енетiнi анық, ал режиссер Асқар Бисембин қазақстандық Леонид Гайдай атанады», - деп жазады мақала авторы.