«Қараағаштың қадірін білмей жүрміз» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 21 қаңтар, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» газеті бүгін еліміздің салық жүйесінің өзіндік ерекшеліктері мен даму бағыттары баяндалған мақала ұсынып отыр.Қазақстанда салық жүйесінің өзіндік бір ерекшелігі бар. Мәселен, Германияда салықтың 50 түрі, біздің елде 13 түрі бар. Неге? Өйткені, салықтың басқа төлемдерден ерекше екеніне байланысты оған арнайы мәртебе беріп отырмыз. Салықтар және басқа да бюджетке төленетін міндетті төлемдерді қоссақ, яғни салықтың 13 түрі, алымдардың алғашқыда 13, қазіргі кезде 6 түрі, 9 төлемақы, мемлекеттік баж, кеден төлемдері, консулдық алымдардың барлығы 50-ге жақындап қалады екен. «Мемлекет басшысы Н.Назарбаев ұсынған «100 нақты қадамда» салыққа қатысты бірнеше қадамдар бар, атап айтқанда, 37-қадамда «Салық және кеден саясатын және ресімдерін оңтайландыру», 39-қадамда «Кеден және салық жүйелерін интеграциялау. Тауар салық салу мақсатында Қазақстан аумағына кірген кезеңнен бастап оны сатқанға дейін бақылауға алынады», 42-қадамда «2017 жылдың 1 қаңтарынан мемлекеттік қызметкерлер үшін, одан әрі барлық азаматтар үшін кірісті және шығысты жалпы жариялауды кезең-кезеңмен енгізу», 43-қадамда «Салық декларацияларын қабылдау және өңдеудің орталық желісін құру. Орталық салық төлеушілердің электронды құжаттарының бірыңғай мұрағатына кіру мүмкіндігіне ие болады. Декларанттар салықты бақылау бойынша шешім қабылдау үшін тәуекел санаттарына бөлінетін болады. Жариялауды бірінші рет тапсырған жеке тұлғалар үш жыл мерзімде қайта тексерістен өтпейтін болады», 44-қадамда «Жанама салық салу тетіктерін жетілдіру. Қосылған құн салығының орнына сатудан салық алуды енгізу мәселесін жан-жақты зерттеу», 45-қадамда «Кіріске және шығысқа салық есебін міндетті түрде енгізу арқылы қолданыстағы салық режімін оңтайландыру» міндеттері күн тәртібіне қойылған»,-деп жазады басылым. Салық саласында тағы қандай өзгерістер мен реформалар күтіп тұрғанын білгіңіз келсе, «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Салық саясатын оңтайландыру тиімділігі» атты мақаланы оқыңыз.
«Жоңғар хандығы» тарих сахнасына қайдан шықты? Ұлы Шыңғыс ханның, кейінгі - Жошы, Шағатай, Өгедей, Төле ұлыстарының тұсында «санда - санаты, төрде - орыны жоқ» қонтайшылар (моңғолдар қыздан туған тақ мұрагерін «қоңтаушы» деп атайды) қалай және қашан қатарға қосылды? Бұған тарихшы Тұрсын Жұртбай былай деп жауап береді: Ширек ғасыр бойы осы сауалдарға қатысты барлық жауапкершілікті мойыныма ала отырып, бұған мен бір сөзбен: «Қасірет құйынын үйірген кекті қатындар мен кекті жатырда ұйыған хандық және кекті бесікте тербетілген «алтын ұрықтар» - деп жауап беремін». «Егемен Қазақстан» газетінде бүгін жарық көрген «Кекті бесік немесе немесе «кекті қатындар» мен «кекті жатырда» ұйыған хандық» атты мақаласында Тұрсын Жұртбай бұл жауабының себебін түсіндіреді, оқып көрелік.
***
«Айқын» газеті бүгін Қараағаш өсімдігінің қасиеті туралы жазады. Белгілі өсімдіктанушы, «Гүлстан» журналының бас редакторы Гөзел Құлжабаева «Айқынға» берген сұхбатында «өте өсімтал, ең бастысы, қатты күтіп-баптауды қажет етпейтін қараағашты шөлге айналып бара жатқан жерлерге жаппай егуді қолға алу керек» деген екен. «Қараағаш- нағыз Қазақстанға қажетті, біздің климаттың ерекшеліктеріне әбден бейімделген ағаш. Шөлге шыдамды, топырақ талғамайды. Өте төзімді. Үлкен жапырақты, ұсақ жапырақты түрлері бар. Елімізде шөлейт жерлер көп. Жердің құнары азайып барады. Осыны көре жүріп, «неге біз қолдағы барымызды ұқсата алмаймыз?» деген ой келеді. Өте өсімтал, ең бастысы, қатты күтіп-баптауды қажет етпейтін қараағашты шөлге айналып бара жатқан жерлерге жаппай егуді қолға алсақ, экологиялық апаттардың алдын алатынымызға сенімім зор»,-дейді өсімдіктанушы. Қараағашты егіп, оны баптау жолдарын білгіңіз келсе және бұл ағаш экологияны тазартуда қандай рөл атқаратынын білгіңіз келсе, «Айқын» газеті жариялаған «Қараағаштың қадірін білмей жүрміз» атты мақаланы оқыңыздар.
Ал, Қазақстанның Туристік қауымдастығының мәліметіне сенсек, жыл өткен сайын елімізде ішкі және сыртқы туризмнің оңтайлы дамып жатқаны анық байқалады. Бұл туралы да «Айқын» республикалық газеті жазып отыр. «Елімізге жыл сайын 4,5-6 миллионның аралығында шетелдік туристер табан тіресе, оның дені Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Германия мен Түркия азаматтары. Бұл туристердің басым бөлігі саяхат бағыты ретінде Алматы қаласы мен облысын таңдаса, соның ішінде әсіресе, ірі мегаполистің тарихи-мәдени обьектілері мен Іле Алатауының шырайлы табиғатын тамашалауға ықылас білдіреді»,-делінген газет бетінде бүгін жарық көрген мақалада. Бұл туралы толығырақ «Туристерді елге қалай көбірек тарта аламыз?» атты мақаладан оқи аласыздар.
***
Ал, «Экспресс К» газеті бірнеше күннен бері Қазнетті шулатқан бейнероликтің мән-жайын жазады. Айта кетейік, қыздарына «арақ» құйып беріп, олармен стакан соғыстыра отырып, «ішімдік» ішкен әкенің қылығы елдің жағасын ұстатқан еді. Енді, міне, кеше бейнероликтегі әке Ішкі істер органдарына өзі келіп, «мен қыздарыммен осылай қалжыңдасамын, шөлмектің ішіндегі арақ емес, «Сарыағаш» суы болған. Үйде қалжың үшін түсірген бейнероликті Интернетке рұқсатсыз салғандардың үстінен арыз беремін», -деп, өз өтініш қалдырған. Алайда, полиция, роликте «арақ» ішкен екі балаға медициналық сараптама тағайындап отыр. Бұл іс енді БАҚ өкілдері мен полиция назарында болатыны анық. Бұл туралы толығырақ «Экспресс-к» газетіндегі «Папины дочки» атты мақаладан оқи аласыздар.