Қарағанды автомектептерінің түлектері деректер базасындағы ақауға байланысты емтихан тапсыра алмай жүр
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қарағандыда автомектептердің түлектері арнайы ХҚКО-да жүргізуші куәлігін алуға емтихан тапсыруға тіркеле алмай жүр. Бұған ІІМ-де әзірленген цифрлық платформада пайда болған кідіріс себеп болып отыр, деп хабарлайды Кazinform агенттігінің тілшісі.

Жаңа ережелерге сәйкес, еліміздің барлық жекеменшік автомектебі енді «Автомектеп» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің цифрлық платформасында тіркелуі тиіс. Бұдан былай автомектептердің барлық курсанты жалпы базада тіркелуі тиіс екендігі туралы ІІМ Министрлігі өткен жылдың қараша айында хабарлаған.
Жүргізушілерді даярлау мектептері барлық талапты орындағанына қарамастан, жаңа жобада ақау шығып, тиісінше іске қосылмаған. Соның салдарынан үш күннен бері Қарағандының бірнеше автомектеп түлектері көлік жүргізу емтиханына тіркеле алмай, арнайы ХҚКО-ның табалдырығын тоздырып жүр.
- Кеше менде жалпы саны 62 адамнан тұратын В және С1 санатындағы екі топ оқуын аяқтады. Бүгін менің курсанттарыма арнайы ХҚКО-да қызмет көрсетуден бас тартты. Бірде-бір курсант эмтиханға тіркеле алмады. Оларды электронды базада автомектеп жоқ деп қайтарып жіберген. ІІМ бұйрығына сәйкес, 2024 жылдың 25 желтоқсанына дейін барлық жұмыс істеп тұрған автомектептер 2 жыл ішінде: 2022 жылдан 2025 жылға дейін барлық оқушы бойынша мәлімет беруі тиіс болатын. Біз бұл деректерді талап етілгендей, 25 желтоқсанға дейін тапсырдық. Алайда, базада сандар мен оқудың басталу және аяқталу күндері сәйкес келмеді, - дейді «DiAlex» автомектебінің басшысы Ирина Биллер.
Автомектеп иелері цифрлық платформада деректер сәйкессіздігіне ғана емес, сонымен қатар олардың оқушыларының мәліметтері жеке компанияның қолына түскеніне наразы.
- Курстан өткен түлектер емтихандарға автомектеп немесе курсант avtomektep.kz жеке автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде тіркелмегендіктен жіберілмей жатыр. Бұл жеке компания. №862 және №593 бұйрықтардың негізінде курсанттар уәкілетті органның автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде тіркелуі тиіс, яғни тікелей Қазақстанның Әкімшілік полициясына. Қазақстанның Әкімшілік полициясы өз базасын ұсынудың орнына, бізді жеке компанияға қосып қойды. Тиісінше, қазір бұл жеке компания арқылы ақпарат ІІМ-ге, содан кейін бізге, автомектептерге түсуі үшін барлығы сол платформаға тіркелуі керек. Бұл деректерді ІІМ жинаған кезде, олар бізге әр курсанттың жеке мәліметі тек солардың қолына түсетінін және де оған жауап беретінін айтқан борлатын. Енді бұл ақпарат уәкілетті органға емес, кәсіби бірлестікке жіберілді. Яғни, біз ІІМ желісі бойынша жіберген деректеріміз үшінші тұлғаларға беріліп, қазір дәл осы үшінші тұлға курсанттардан емтихан қабылдауға тосқауыл қойып отыр, - деп Қарағанды облысының жол қозғалысы қауіпсіздігі кәсіби бірлестігінің төрағасы Сергей Миронов наразылық білдірді.
ІІМ бұл жағдайға қатысты түсініктеме беріп, қиындық уақытша ғана деп сендірді.
- ҚР Ішкі істер министрлігі автомектеп түлектеріне жүргізуші куәлігін беру кезінде туындаған уақытша қиындықтар туралы хабарлайды. Мәселелер автомектептердегі ақпаратты жаңа ақпараттық жүйеге көшіру барысында деректердің толық еместігінен немесе қателігінен болған. 2024 жылдан бастап жүргізушілерді даярлау сапасын арттыру үшін «Автомектеп» ААЖ цифрлық платформасы енгізілді. Ол жалған куәлік беруді болдырмайды, оқу мерзімдерін бақылайды және автомектептердің жұмысын бағалауға мүмкіндік береді. Бірінші кезеңде (2024 жылғы қазан-желтоқсан) жұмыс істеп тұрған автомектептер мен оқу топтары тіркелген. Екінші кезеңде бұрын берілген куәліктер жүктелді. Алайда деректердегі анықталған қателіктер кейбір түлектердің куәлікке қолжетімділігін уақытша шектеді, - деп түсіндірді ҚР ІІМ баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, ведомство қазіргі уақытта мәселені шешу үшін деректерді қайта салыстыру жүргізіліп жатқанын хабарлады. Автомектептер курсанттардың өз куәліктерін тексеруге арналған сайтты іске қосты, ал мамандандырылған ХҚКО-ларда кеңес алу үшін ІІО қызметкерлері жұмыс істейді.
- Цифрлық куәліктерге көшу 2025 жылдың қаңтар айының соңына дейін аяқталады. Жұмыс азаматтар үшін тегін жүргізіледі және Мемлекет басшысының жүргізушілерді формалды оқытуға қарсы күрес жөніндегі тапсырмасына сәйкес келеді, - деп толықтырды ҚР ІІМ.
Естеріңізге сала кетейік, енді жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханға тек «ХҚКО» қосымшасынан жазылу керек.