Қарағанды қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары жол апатынан қаза болды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM - Қарағанды қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары Бекжан Құсайынов жол апатына ұшырап, оқиға орнында қаза болды.

Бекжан Құсаинов
Фото: Қарағанды облыстық полиция департаменті

Қайғылы оқиға жексенбіден дүйсенбіге қараған түні Қарқаралы ауданының жанында болған. Марқұм еңбек демалысында болған.

- 53 жасында Қарағанды қаласының полиция басқармасы бастығының орынбасары - полиция полковнигі Бекжан Төлеуұлы Құсайынов қаза болды. Ол 30 жылдан астам өмірін Отанға қызмет етуге, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және құқық тәртібін қорғауға арнаған. Еңбек жолын 1992 жылы Қарағанды облысының Қарқаралы аудандық ішкі істер бөлімінің патрульдік-бекеттік қызметінің милиционері қызметінен бастады.

Қызметтік баспалдақтың барлық сатысынан өтіп, әр жылдары жауапты лауазымдарды, соның ішінде Қарағанды қаласының полиция басқармасы бастығының орынбасары лауазымын атқарды. Ол әрдайым жоғары кәсіби дайындығымен, өзіне және әріптестеріне жоғары талап қоюымен, табандылығымен, адамгершілігімен және адамдарға деген құрметімен ерекшеленді, - деп хабарлайды Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қарағанды облысы полиция департаментінің басшылығы, ішкі істер органдарының ардагерлер кеңесі және барлық жеке құрам марқұмның туған-туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтты.

Осыған дейін Қарағанды маңында жол апатынан екі адам көз жұмғаны жайлы жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар