Қарағанды кітапханасында Бауыржан Момышұлының мол мұрасы насихатталмақ
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағандыда ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталып, Бауыржан Момышұлы атындағы кітапхана қайта ашылды. Жаңарған мәдениет ошағында оқырмандар қазақ және орыс тілдеріндегі сан алуан жанрдағы әдебиеттермен танысып, рухани әрі танымдық мазмұндағы түрлі іс-шараларға қатыса алады.
Жаңартылған кітапхана Қарағанды қаласының Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне кіреді. Жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін мекеме оқырмандарын қайта қабылдай бастады.
Кітапхана қорында қазақ және орыс тілдеріндегі түрлі жанр мен бағыттағы басылымдар жинақталған. Оқырмандар көркем әдебиеттен бастап тарихи және танымдық кітаптарға дейін өз қызығушылығына сай әдебиеттерді таңдай алады.
Кітапхана қорынан Бауыржан Момышұлының өмірі мен шығармашылығына, әскери қызметі мен әдеби мұрасына арналған еңбектер де ерекше орын алады. Даңқты қолбасшы әрі қаламгер туралы жинақталған материалдар тарихи жадыны сақтау, оның өнегелі өмір жолы мен шығармашылық мұрасын өскелең ұрпаққа насихаттауға бағытталған.
Жаңарған кітапханада алдағы уақытта кітап көрмелері, әдеби кештер, патриоттық кездесулер, танымдық іс-шаралар ұйымдастырылып, балалар мен жастарға арналған түрлі жобалар жүзеге асырылады.
Кітапхананың жөндеуден кейін қайта ашылуы қала тұрғындары үшін кітап оқуға, білімін жетілдіруге және мазмұнды мәдени демалыс өткізуге жаңа мүмкіндіктер береді. Сонымен қатар мекеме жастардың әдебиетке, тарихқа және ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған мәдени-білім беру іс-шаралары өтетін маңызды алаңға айналмақ.
Бұған дейін Астанада 15 кітап оқып, 600 мың теңге ұтып алуға болатынын хабарлаған болатынбыз.