Қарағанды облысы ауылдарының бірінде карантин жарияланды

крс, телята
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Мартбек Мамыраев ауылдық округінде мал өліміне байланысты карантин жарияланды. Ауылда эмфизематозды карбункул табылды, деп хабарлайды Кazinform агенттігінің тілшісі.

2024 жылғы 2-5 қыркүйек аралығында «Айбол» шаруа қожалығының «Сартау» қыстауында 14 бас үш айлық бұзау қырылып қалған.

«5 қыркүйекте аумақтық инспекция және ветеринарлық станция мамандары патологиялық материалдарды жинап, ҚР АШМ „РВЛ“ ШЖҚ РМК Қарағанды облыстық филиалына жеткізді. Зерттеу нәтижесі бойынша эмкар дертіне оң нәтиже көрсетті», - деп хабарлады ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясы.

Сараптама актісі және эпизоотологиялық тексеру актісі негізінде ауылы әкімінің шешімімен «Сартау» қыстау аумағында карантиндік шаралар жарияланды.

«Сауықтыру-жою іс-шараларын ҚР АШМ ВҚБК „РПО“ РММ күштері өткізеді. Қырылған жануарлар бойынша залалды өтеу республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады», - деп толықтырды ведомствода.

Мамандардың түсіндіруінше, шаруашылық жүргізуші субъект карантиндегі жануардың эмфизематозды карбункулдан сауығып кетуінің немесе өлуінің соңғы оқиғасы тіркелген күннен бастап 14 күнтізбелік күннен кейін және қорытынды дезинфекция жүргізілгеннен кейін ғана карантин алынады.

Эмфизематозды карбункул немесе эмкар — Clostridium chauvoei бактериясы тудыратын жануарлардың жедел, жұқпалы емес ауруы. Дерке шалынған жануарда ақсақтық, крепитикалық ісіну байқалады және ауру жануар қысқа мерзімде өліп қалады.

Соңғы жаңалықтар
telegram