Қарағанды облысына жыл басынан бері 680 млрд теңге инвестиция құйылды
АСТАНА. KAZINFORM — Жыл басынан бері Қарағанды облысының экономикасына 679,1 млрд теңге инвестиция құйылған. Бұл туралы өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев мәлімдеді.
— Жыл басынан бері облыстың экономикасына 679,1 млрд теңге инвестиция құйылды. Бұл өткен жылдағы осы кезеңімен салыстырғанда 14,6%-ға артық. Облыс картасында екі жаңа кәсіпорын пайда болды. Жыл соңына 200 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған тағы 8 жобаны іске қосамыз. Бұл 2600 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Ірі жобалардың қатарында мыс және ферросилиций өндіретін зауыттар бар, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Әкімнің айтуынша, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,8 трлн теңгеден асты. Негізгі бөлігі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Бұл 2,2 трлн теңге.
Облыс басшысы Qarmet компаниясының қызметіне жеке тоқталды.
— Өздеріңіз білетіндей, былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңірдегі ең ірі Qarmet кәсіпорнында инвестор ауысып, алып кәсіпорында қайта жаңғыру басталды. Металлургиялық комбинатта шойын, болат және жалпақ прокат өндірісі артты. Жаңа инвестор келген кезде сегіз шахтаның үшеуі ғана жұмыс істеп тұрған еді. Қазір жеті шахта жұмыс істеп тұр. Ұңғыма кенжарларының саны 11-ден 45-ке дейін ұлғайтылды. Бұл болашаққа арналған негіз, ол шахталардың көп жылдар бойы жұмыс істеуін қамтамасыз етеді, — деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Кеншілердің қауіпсіздігі үшін іздеу және позициялау жүйесі енгізілді. Қазір бұл жүйе «Қазақстан» және «Күзембаев» атындағы екі шахтада жұмыс істейді. Келесі жылы барлық шахталар қамтылмақшы.
Айта кетейік, Қарағанды облысында 1 мың шақырымнан астам жол жөнделді.
Сондай-ақ, облыс әкімі Саранда жаңадан салынған жылу қазандығы неге толық жұмыс істемей тұрғанын түсіндірген еді.