Сарандағы жаңа жылу қазандығы неге толық қуатында жұмыс істемей тұр — әкім жауабы

АСТАНА. KAZINFORM — Саранда орталық жылу қазандығын салу аяқталды. Алайда іске қосу жұмыстары кезінде ақау анықталып, уақытша жергілікті жылу қазандықтары қосылды. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мәлімдеді.

ермағанбет бөлекпаев
Фото: QARMET баспасөз қызметі

«Саранда біз Орталық жылу қазандығын салу жұмысын аяқтадық. Алайда, өздеріңіз білетіндей, іске қосу жұмыстары кезінде жылу беру жүйесінен ақау шығып, қосымша ресурстар іске қосылды. Қазір үйлерге жылу Орталық жылу қазандығынан да, сонымен қатар резервтік жеке қазандықтардан да берілуде. Жаңа жылу беру орталығында бірінші және екінші қазандықтар жұмыс істеп тұр, ал үшінші және төртінші қазандықтар бойынша қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде», — деді облыс басшысы ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Одан бөлек, өңір басшысы Орталық жылу қазандығы толық қуатында іске қосылғанда қаланың тұрғын үйлер алаптарын ғана емес, Saran индустриалдық аймағын да, РТӨ (резинатехникалық өнімдер) шағынауданын да жылумен қамтитынын атап өтті.

Бұған дейін Саран қаласындағы тұрғын үйлерге жылу жетпей жатқанын жазған едік. 

Осы оқиғадан соң Сарандағы жылу маусымында олқылық жіберген жауапты тұлғалар жазаланды.

Соңғы жаңалықтар