Саран қаласындағы тұрғын үйлерге жылу жетпей жатыр
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Саран қаласының тұрғындары үйлері жылымай жатқанына шағымдануда. Қала әкімі Еркін Баулықов Instagram-дағы парақшасында аталған жағдайға қатысты жазба жариялады, деп хабарлайды Кazinform агенттігінің тілшісі.
Саран қаласының тұрғындары әлеуметтік желілерде үйлерінде жылудың болмауына байланысты жаппай наразылығын білдіре бастады. Әсіресе, кейінгі тәулікте ауа райының күрт суытуына байланысты халықтың шағымы арта түсті.
Қыркүйектің соңында жергілікті билік жаңа жылу орталығының іске қосылғаны туралы ресми түрде жариялаған болатын. Жергілікті билік орталық жылу көзінің қуаты арта түседі деп уәде берген еді. Алайда, тұрғын үйлердің басым бөлігінде әлі күнге дейін жылу жоқ.
Қала әкімі Еркін Баулықов Instagram-дағы парақшасында жағдайды түсіндіріп, тұрғындардан кешірім сұрады.
«Өкінішке қарай біздегі қазандық енді ғана іске қосылды. Сондықтан жылу кезең-кезеңмен берілуі қажет. Барлық қажетті жұмыс қолға алынды. Көмірдің қоры жеткілікті және барлық қажетті шығын материалдары да бар. Біз өз жұмысымызды жалғастырамыз. Тұрғындардан туындаған қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймын. Жақын арада барлық үйге жылу беріледі», - деді ол.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қазіргі уақытта орталықтағы жылу көзі іске қосылды.
«Бір қазандық жұмыс істеп тұр, режимдік реттеу жүргізілуде. Температура көрсеткіштері біртіндеп артып келеді. Үйлерге ең минималды температура жіберіліп жатыр. Көмір мен отын қоры жеткілікті, жұмыскерлер де жеткілікті. Сондай-ақ қалада 95 үйді жылумен қамтамасыз ететін 8 жергілікті қазандық жұмыс істеп тұр. Резервте 9 жергілікті қазандық бар, олар қажет болған жағдайда бүгін іске қосылады», - деп хабарлады әкімдіктен.
Қазіргі уақытта 150 үйге жылу берілді. Барлық әлеуметтік нысан жергілікті қазандықтармен жылытылады.