Қарағанды облысында 10 жастағы баланы ток соғып, жансақтау бөліміне жеткізілді

ҚАРАҒАНДЫ.KAZINFORM - Қарағанды облысының Долинка кентінде 10 жастағы баланы балалар алаңының жанында орналасқан электр жеткізу желісінің тірегінде ток соғып, жансақтау бөліміне жеткізілді. Баланың туыстары қауіпсіздік шараларын күшейтіп, қауіпті нысанды қоршауды талап етіп отыр.

Высоковольтную линию электропередач повредили при ДТП в Акмолинской области
Фото: freepik

Долинка кентінде 10 жастағы бала балалар ойын алаңынан бірнеше метр жерде орналасқан электр желісінің тірегінде жоғары кернеулі токтың әсеріне ұшырап, ауыр жарақат алған. Қазіргі уақытта ол жансақтау бөлімінде жатыр.

Туыстарының айтуынша, бала басқа достарымен бірге ойнап жүрген кезде электр бағанына өрмелеп шықпақ болған. Оқиға куәгерлерінің сөзінше, бала тірекке өрмелеп, белгілі бір биіктікке көтерілген сәтте ток соққан. Ол электр сымдарына қол тигізбеген, алайда алдын ала мәлімет бойынша жоғары кернеулі желінің электр доғасының әсеріне түскен.

Балалар тарс еткен дыбысты естіп, баланың ес-түссіз жерге құлағанын көрген. Алғашқылардың бірі болып көмекке көршісі жүгіріп келіп, дәрігерлер жеткенге дейін қолдан тыныс алдыру шараларын жасаған.

— Егер көмек сәл кешіккенде, қайғылы жағдай болуы мүмкін еді, - дейді баланың әпкесі Анастасия Рабиза.

Ток соғуы мен биіктіктен құлау салдарынан бала жарақаттар алған.

Туыстарының айтуынша, жүрегі, өкпесі, басы, омыртқасы және ішкі ағзалары зақымданған. Қолдары мен иығында ауыр күйік іздері бар. Дәрігерлер отбасы мүшелеріне ағзаға түскен жүктеме инфаркттан кейінгі жағдаймен шамалас болғанын түсіндірген.

Облыстық көпсалалы балалар ауруханасының Балалар хирургиясы орталығының жетекшісі Бейбіт Бердібеков науқастың жағдайы әлі де ауыр екенін айтты.

— Қазіргі уақытта бала қарқынды терапия бөлімінде жатыр. Жағдайы ауыр болғанымен тұрақты. Емдеу толық көлемде жүргізіліп жатыр, - деді ол.

Оқиғадан кейін туыстары электр бағанының маңынан балалар алаңынан басталатын соқпақ жолды байқаған. Олардың пікірінше, бұл балалардың қауіпті нысанға жиі жақындайтынын көрсетеді. Алайда аталған аумақта ескерту белгілері де, қоршаулар да жоқ.

Отбасы мүшелері электр жеткізу желісінің тірегі күн сайын балалар ойнайтын жердің жанында тұрмауы тиіс деп есептейді және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдауды талап етіп отыр.

Қарағанды облысы Полиция департаментінің мәліметінше, жарақат алу фактісі тіркелген. Жиналған материалдар Қарағанды облысы бойынша Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің аумақтық департаментіне жолданған. Тексеру қорытындысы бойынша қылмыстық құқықбұзушылық белгілерінің бар-жоғы жөнінде шешім қабылданады.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталу үстінде.

Бұған дейін Қарағанды облысында баласын ит талаған ана кінәлілерге жаза қолдануды талап еткенін хабарлаған болатынбыз.