Қарағанды облысында 20-дан астам ауыл тұрғындары электр таратушы компанияның жұмысына наразы

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды облысының Шет ауданындағы электр желілері мен оннан астам қосалқы станция сот арқылы мемлекеттік меншікке қайтарылуы мүмкін. Мұндай шара қолдануға ауыл тұрғындарының шағымдары түрткі болды.

электр желілері
Фото: Алматы әкімдігі

Сот арқылы «Шет-Энерго» ЖШС компаниясының мүлкін, оның ішінде монополистке тиесілі бірнеше қосалқы станциялар мен электр беру желілерін тартып алып, мемлекет иелігіне беру керектігі туралы экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссияның отырысында премьер-министр Олжас Бектенов айтқан болатын. 

Үкіметтің мұндай қатаң шара қолдануына түрткі болған бірден бір себеп — ауыл тұрғындарының шағымдары болды. Олар электр қуатының жиі ажырайтынын айтып наразылық білдірген. 

«Аталған компанияның тұрақты апатты жағдайларға жол беруіне байланысты, сонымен қатар өңір тұрғындарының өмірі мен денсаулығына зиян келтірмеу үшін компанияның мүлкін мемлекет пайдасына реквизициялау мақсатында сотқа жүгіну туралы шешім қабылданды», — деп мәлімделді Primeminister.kz сайтында. 

Компанияның қызметін тексеру кезінде электр таратушы мекеменің қуаты жетіспейтіні белгілі болды, сонымен қатар барлық электр желілері тозған және оларды жөндейтін арнайы бригадалары жоқ екені анықталған. Аймақ билігі электр желілері мен қосалқы станциялар мемлекеттік теңгерімге көшкеннен кейін бұл мәселені шешуге дайын екендерін жеткізді. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжан мәлімдеді. 

«Халық, тұтынушылар тарапынан келіп түсетін шағымдардың саны өте көп. Үкіметтің демнополизациялау комиссиясы шешімі негізінде „Шет-Энерго“ мекемесін мемлекет меншігіне қайтару мәселесі қарастырылды. Ол мемлекетке қайтарылатын болған жағдайда, „Шет-Энерго“ электр желілерін қайта модернизациялау, жаңалау жұмыстары мемлекет тарапынан, облыстық әкімдік тарапынан атқарылатын болады», — деді Азамат Тайжан. 

«Шет-энерго» ЖШС — 1997-1998 жылдары құрылған жеке кәсіпорын. Компания Шет ауданының он ауылдық округінің 27 елді мекенін электр энергиясымен жабдықтау, 10кВ электр тарату желілерін және 0,4 кв трансфарматорлық қосалқы станцияларыың қызметін қамтамасыз ету үшін құрылған. Бұл электр желілері бұрын «Ерқанат» АҚ-ға тиесілі болған, бірақ кейіннен «Шет-энерго» ЖШС сатып алып, заңдастырған. Қазіргі уақытта энергия беруші компанияның иелігінде жалпы ұзындығы 700 км-ден асатын электр желілері, 10 қосалқы станция бар. Кәсіпорын 27 елді мекенге қызмет көрсетеді, онда барлығы үш мыңға жуық аула бар және 15 мыңнан астам адам тұрады. 

«Әкімдік жанындағы ТКШ бөлімімен ажырату мониторингі журналы жүргізіледі. 2020 жылы 65 ажырату тіркелді, 2021 жылы — 80, 2022 жылы — 81, 2023 жылы — 93, 2024 жылы — 144 ажырату тіркелді. Бүгінгі күні „Шет-энерго“ ЖШС тарапынан көп жылдар бойы ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізілмегендіктен, электр желілері және трансформаторлар қанағаттанарлықсыз жағдайда. Бұл ретте аудан тұрғындарынан ауызша, жазбаша шағымдар келіп түсіп, әлеуметтік шиеленісті тудырады. Мысалы, 2023 жылдың қаңтар айының басында жөндеу жұмыстарының уақтылы жүргізілмеуіне және мүмкін болмауына байланысты Шет өңірінің (27 елді мекен) тұрғындары 5 күн электрмен жабдықтаусыз қалды», — деп хабарлады Шет ауданының әкімдігі.

Мәселені жергілікті деңгейде шешуге тырысқан, «Шет-Энерго» ЖШС басшылығына электр энергиясын өшіруге жол бермеу бойынша шаралар қабылдау және ажырату себептерін жою бойынша бірнеше рет хабарламалар жіберілген, бірақ аталған бұзушылықтар қажетті техника мен білікті кадрлардың болмауына байланысты уақтылы жойылмайды, дейді аудан әкімдігі. 

Енді бұл мәселені шешуге Үкімет кірісті. Соттың қашан өтетіні және процестің қалай жүретіні әлі белгісіз. Kazinform агенттігі жағдайды бақылайды.

Соңғы жаңалықтар