Қарағанды облысында 650 учаскеде референдум өтіп жатыр
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қарағанды облысында атом электр станциясын салу мәселесі бойынша референдум 650 учаскеде өтіп жатыр. Бұл күні тізімде тіркелген 760 мыңнан астам тұрғын дауыс бере алады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Учаскелердің негізгі бөлігі таңғы 7:00–де ашылды және 20:00–ге дейін жұмыс істейді. Бірақ кейбірі өз жұмысын бір сағат бұрын таңғя 6:00–де бастады. Бұл кәсіпорындардағы вахталық жұмыс әдісімен және әскери бөлімдердегі қызметтің ерекшелігімен байланысты. Облыс бойынша осындай 10 учаске бар — Қарағанды, Шахтинск, Теміртау, Қарқаралы және Нұра аудандарында.
Мүгедектігі бар адамдар үшін жағдайлар қамтамасыз етілді, олар үшін инватакси қызметі ұйымдастырылды. Учаскелерде пандустар мен арнайы жабдықталған кабиналар қарастырылған. Есту қабілеті нашар адамдарға сурдоаудармашылар көмектеседі.

Сонымен қатар Қарағанды облысында бұл күні қала маңындағы және қала ішіндегі маршруттардағы барлық жолаушылар үшін жол жүру тегін болады. Бұл адамдардың сайлау учаскелеріне жетуін жеңілдету үшін жасалып отырған қадам, деп хабарлады Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы.
Референдум өткізуге 664 комиссия: облыстық, аумақтық және учаскелік комиссиялар жұмылдырылды.
Дауыс беру процесін тәуелсіз бақылаушылар — қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қадағалайды.
Естеріңізге сала кетейік, бюллетеньде бір ғана сұрақ болады: «Сіз Қазақстанда атом электр станциясының құрылысымен келісесіз бе?» деген.