Қарағанды облысында баласын ит талаған ана кінәлілерге жаза қолдануды талап етіп отыр
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында 11 жастағы баланы өз үйінің ауласында ит талап, ауыр жарақат алды. Баланың анасы өзіне қысым жасалып жатқанын айтып, оқиғаның салдарына қарамастан істің жабылып қалуынан қауіптенетінін мәлімдеді.
Қазір Қарағанды облысында кәмелетке толмаған балаға иттің шабуыл жасау дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиға 1 мамыр күні Бұқар жырау ауданына қарасты Ақтөбе ауылында болған. Зардап шеккен бала иығындағы ауыр тістелген жарақатпен жедел түрде ауруханаға жеткізілген.
Баланың анасының айтуынша, ит ұлына өз үйлерінің ауласында тап берген.
Әйелдің сөзінше, жануар баланың иығындағы тері мен бұлшық етті жұлып алған.
— Сүйектері көрініп тұрды. Ұлымды бірден ауруханаға алып кетті. Ол эпилепсия дертімен ауырады. Сол сәтте ұстамасы басталып кетсе немесе ит өмірлік маңызды ағзаларын зақымдаса не боларын ойлаудың өзі қорқынышты, — дейді зардап шеккен баланың анасы.
Сондай-ақ ол мектеп маңында жүрген балалардың қауіпсіздігіне алаңдайтынын жеткізді. Оның айтуынша, ит мектепке жақын жерде ұсталды.
— Бұл жерден күн сайын жүздеген оқушы өтеді. Мұндай қайғылы жағдай кез келген баланың басына түсуі мүмкін. Қазір маған арызымды қайтарып алу үшін қысым көрсетіп жатыр. Бірақ мен басқа балалардың зардап шеккенін қаламаймын, — деді әйел.
Бұқар жырау ауданының әкімдігі бұл оқиғаны растады. Ресми мәліметке сәйкес, зардап шеккен бала 2014 жылы туған.
Аудан әкімдігінің хабарлауынша, иттің иесі 52 жастағы жергілікті тұрғын екені анықталған. Оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 407-2-бабы 1-бөлігі 4-тармағына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылған.
Дәрігерлер баланың сол жақ иық буыны мен иығының жоғарғы бөлігінде ауқымды тістелген жарақат бар екенін анықтаған. Оқиға болған күні дәрігерлер жарақатқа алғашқы хирургиялық өңдеу жүргізді. Қазір бала облыстық балалар ауруханасында ем қабылдап жатыр.
Қарағанды облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша әкімшілік іс қозғалғанын хабарлады.
— Зардап шеккен баланың емі толық аяқталып, барлық қажетті процессуалдық шаралар жүргізілгеннен кейін түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады, — деп мәлімдеді Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ полиция әлеуметтік желілерде тараған ит иесінің құқық қорғау органдарының қызметкері екені туралы ақпаратты жоққа шығарды. Ведомство мәліметінше, бұл деректер шындыққа сәйкес келмейді.
Осыған дейін Алматыда мыңнан астам тұрғын жануарлардан зардап шеккені мәлім болды.