Қарағанды облысында бірнеше күн бұрын жоғалған балықшының мәйіті табылды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында балық аулау кезінде жоғалып кеткен 64 жастағы ер адамды іздеу жұмыстары аяқталды. Бірнеше күннен кейін оның денесі су ішінен табылды.

Қарағанды облысында бірнеше күн бұрын жоғалған балықшының мәйіті табылды
Фото: Павлодар облысы ТЖД

Ер адам 18 қарашада Шахан кентінен Беталыс көліне балық аулауға барған. Көл Қарқаралы қаласынан 14 шақырым жерде, «Асель» шаруа қожалығының маңында орналасқан.

22 қарашада басталған іздестіру жұмыстарына төтенше жағдайлар департаментінің, полицияның және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері жұмылдырылды. Іздеу шараларына жеті құтқарушы қатысты. Көл аумағын тексеру үшін екі жүзу құралы мен үш техника пайдаланылды.

Іздестіру барысында жедел-құтқару жасағының мамандары жағадан шамамен 300 метр қашықтықтан жоғалған адамның аяқ киімі мен балық аулау құралдарын тапқан.

Сағат 19:05–те ер адамның мәйіті жағадан 300 метр қашықтықта, төрт метр тереңдіктен табылып, судан шығарылды.
Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды балық аулау кезінде қауіпсіздік талаптарын ескеруге шақырды.

— Әсіресе күн суытқан кезеңде балық аулауға шыққанда ауа райы мен су айдынының жағдайын дұрыс бағалау маңызды. Су айдынына жалғыз бармаңыздар, қай бағытқа бет алғандарыңызды және қай уақытта оралатыныңызды міндетті түрде жақындарыңызға ескертіңіздер. Қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау адам өмірін сақтап қалуы мүмкін, — деп атап өтті ведомстводан.

Бұған дейін Қарағанды облысында балық аулау кезінде үш балықшының қаза тапқаны хабарланған болатын.