Қарағанды облысында егіске бөлінген 300 млн теңге жымқыру дерегі тергеліп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Қаржылық мониторинг агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті «Кең Дала 2» бағдарламасы аясында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына бөлінген несие қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр.
2025 жылғы мамырда «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалы мен «Рашан» ЖШС арасында айналым қаражатын толықтыру үшін қарыз беру туралы шарт жасалған. Шарт бойынша міндеттемелердің орындалуына «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ кепілдік берген.
Шарт талаптарына сәйкес «Рашан» ЖШС-нің шотына 300 млн теңге қарыз қаражаты аударылған.
- Кейін бұл қаражат егіс науқанына жұмсалатын шығындарды төлеу деген желеумен екі ЖШС-ге бөлініп аударылған. Атап айтқанда, 148 млн теңгеге жуық қаражат тұқым сатып алуға, тағы 152 млн теңге ауыл шаруашылығы техникасын жалға алуға, соның ішінде жанар-жағармай мен еңбекақы шығындарына аударылған.
Алайда іс жүзінде тұқым сатып алынбағаны, техника жалға алынбағаны және көрсетілген жер телімдеріне ауыл шаруашылығы дақылдары егілмегені анықталды, - делінген ҚМА хабарламасында.
«Рашан» ЖШС директоры күдікті деп танылды.
Соттың санкциясымен оның мүлкіне тыйым салынды.
Тергеу жалғасып жатыр.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.
Айта кетелік Түркістан облысында 103 млн теңге субсидияны жымқыру ісі сотқа жолданған еді.