Қарағанды облысында екі аптада ЖРВИ жұқтырғандар саны 12 мыңнан асты

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қазан айының басынан бері өңірде маусымдық респираторлық инфекциялардың таралуына тұрақты мониторинг жүргізіліп келеді. Ауырғандардың басым бөлігі балалар болғандықтан, мамандар тұрғындарды сақтық шараларын ұстанып, тұмауға қарсы екпені уақытылы алуға шақырады.

шошқа тұмауы
Фото: Pixabay

2026 жылғы 1-15 қазан аралығында Қарағанды облысында жедел респираторлық вирустық инфекцияның (ЖРВИ) 12 404 жағдайы тіркелді. Ауырғандардың жалпы санының 58%-ын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды.

Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, эпидемиялық маусым басталғалы бері ЖРВИ мен тұмауға шалдығу көрсеткіштеріне күн сайын мониторинг жүргізіліп жатыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамына сәйкес, биылғы эпидемиялық маусымда тұмау вирусының A (H1N1), A (H3N2) және B деген үш штамы айналымда болады деп күтілуде. Олардың барлығы тұмауға қарсы вакцинаның құрамына енгізілген.

– Вакцинация – тұмау мен оның асқынуларының алдын алудың негізгі тәсілдерінің бірі. Әсіресе аурудың ауыр өту қаупі жоғары және инфекцияға осал адамдардың екпені уақытылы алғаны маңызды, - деді департамент басшысы Юрий Залыгин.

Қарағанды облысында тұмауға қарсы егу науқаны жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда 25 мыңнан астам адам вакцина алған. Биыл жергілікті бюджет есебінен Ресейде өндірілген «Гриппол» вакцинасының 173 мың дозасы сатып алынған.

Тегін вакцинация диспансерлік есепте тұрған балалар мен ересектерге, балалар үйлері мен нәрестелер үйлерінің тәрбиеленушілеріне, қарттар үйлерінде тұратын адамдарға, медицина қызметкерлеріне, сондай-ақ эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша екпе алуға жататын өзге де азаматтарға жүргізіледі. Олардың қатарында жүкті әйелдер, педагогтер, әскери қызметшілер, жүрек-қантамыр жүйесі мен тыныс алу ағзаларының созылмалы аурулары бар адамдар және 65 жастан асқан азаматтар бар.

Вакцинация тұмаудың ауыр өтуі мен асқыну қаупін азайтуға, сондай-ақ еңбек ұжымдарында инфекцияның таралуын тежеуге көмектеседі. Осыған байланысты ұйым басшыларына қызметкерлерді жұмыс берушінің қаражаты есебінен тұмауға қарсы егу мүмкіндігін қарастыру ұсынылады.

Мектептерде инфекцияның таралуына қалай тосқауыл қойылады?

Санитариялық қызметтер балалар ұжымдарындағы эпидемиологиялық жағдайға ерекше назар аударып отыр. Қазіргі уақытта облыс мектептерінде бір сыныптағы ЖРВИ-мен сырқаттанушылық көрсеткіші эпидемиялық шектен 20% және одан да көп асқан жағдай тіркелмеген.

Медициналық ұйымдарда ЖРВИ мен тұмау белгілері бар науқастарды анықтауға арналған сүзгілер жұмыс істейді. 1 қазаннан бастап медицина қызметкерлері үшін маска тағу режимі енгізілді. Мектепке дейінгі ұйымдарда күн сайын таңертеңгі сүзгі жүргізіліп, респираторлық инфекция белгілері бар балалардың ұжымға келуіне жол берілмейді.

Егер бір инкубациялық кезең ішінде сынып оқушыларының 20-30%-ынан ЖРВИ белгілері анықталса, кабинеттік оқыту жүйесін уақытша тоқтатып, жеті күнтізбелік күн бойы сыныпқа жаңа оқушыларды қабылдамау ұсынылады. Ал ауырғандар саны сыныптағы оқушылардың жалпы санының 30%-ына немесе одан да көп мөлшеріне жетсе, оқыту қашықтан жүргізіледі.

– Ауру жұқтырғандарды дер кезінде анықтап, инфекцияның ұйымдасқан ұжымдарда таралуына жол бермеу маңызды. Балада аурудың алғашқы белгілері байқалса, оны үйде қалдырып, дәрігерге қаралу қажет, - деп атап өтті Юрий Залыгин.

Балаларды ЖРВИ мен тұмаудан қалай қорғауға болады?

Мамандар үй-жайларды үнемі желдетіп, ылғалды тазалау жүргізуге, қол гигиенасын сақтауға, балалардың дұрыс тамақтанып, дене белсенділігімен айналысуына көңіл бөлуге кеңес береді. Сырқаттанушылық көбейген кезеңде суық тию белгілері бар адамдармен байланысты шектеп, адам көп жиналатын орындарға бармаған жөн.

Дене қызуы көтеріліп, әлсіздік, мұрыннан су ағу, мұрынның бітелуі немесе жөтел байқалса, баланы үйде қалдырып, дәрігерге қарату қажет. Инфекцияның таралуына жол бермеу үшін бала толық сауығып кеткенше мектепке, балабақшаға, спорт секциялары мен үйірмелерге бармауы керек.

Бұған дейін тұмау мен ЖРВИ таралу кезінде алғашқы белгілер пайда болса не істеу керек және аурудан қалай сақтануға болатыны туралы хабарлаған болатынбыз.