Қарағанды облысында екі қабатты үй опырылып, адамдар үйінді астында қалып қойды

жарылыс
Фото: murat_katpanov/Instagram

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданында жарылыс болып, оған шыдамаған тұрғын үй опырылып қалды. Үйінді астында әлі де адамдар бар. 

30 қаңтар түнгі 00.07 шамасында Бұқар жырау ауданы Ботақара кенті Әуезов көшесіндегі қосқабатты 12 пәтерлі үйде жарылыс болғаны хабарланған.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Қатпанов алдын ала болжам бойынша тұрмыстық газ баллоны жарылған дейді.

Кейіннен екінші қабат жартылай опырылған.

Өрт шықпаған.

«Опырылған аумақ анықталып жатыр. Біздің болжам бойынша, үйінді астында адамдар бар. Жергілікті жерде штаб ұйымдастырылған. Оқиға орнында 45 адам және 13 техника жұмыс істеп жатыр», — дейді Мұрат Қатпанов.

Қазіргі уақытта үйінді астынан 6 адам шығарылып, Ботақара кентінің орталық ауруханасына жеткізілді.

Басқа адамдарды іздеу жұмысы жалғасып жатыр.  

Соңғы жаңалықтар