Қарағанды облысында HOWO жүк көліктері шығарыла бастайды

АСТАНА. KAZINFORM – Таяу күндері Қарағанды облысының Саран қаласында HOWO жүк техникасын шығаратын жаңа өндіріс іске қосылады. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков айтты.

а
Фото: cnhtcgroup.com

- Бүгінде іске асыру жоспарланған 200 жобаның 125-і жүзеге асырылды, қалған жобалар аяқталу сатысында. Кейбірінде жабдықтарды іске қосу-баптау жұмыстары жүргізіліп жатса, енді бірінде құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып келеді, - деді ол.

Вице-министр негізгі жобалардың қатарында Қарағандыдағы Karaganda Insulation компаниясының жылу оқшаулағыш материалдар өндірісінің, аталған облыста алюминий және биметалл радиаторлар, майлау материалдарын өндіру жобаларының іске қосылғанын айтты.

- Алдағы күндері Қарағанды облысының Саран қаласында HOWO жүк техникасын шығаратын жаңа өндірісті іске қосу жоспарланып отыр. Жалпы, жобалардың бірқатары ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар экспортқа шығаруға әлеуеті бар бағыттар да бар. Біз мұндай жобаларды қолдаймыз және оларға жан-жақты көмек көрсетуге дайынбыз. Биыл жоспарланған 200 жобаның барлығы уақытылы жүзеге асырылуы үшін жұмыс істеп жатырмыз, - деді Олжас Сапарбеков. 

Айта кетейік, Премьер-миинстр Олжас Бектенов елімізде құрастырылатын жүк көліктерінің әлемдік брендтерін атаған еді.