Қарағанды облысында медбике мүгедек балаға мерзімі өткен дәрі бергені үшін жауапқа тартылды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына қарасты Петровка ауылында амбулаториялық медбике мүгедектігі бар балаға жарамдылық мерзімі өткен құрысуға қарсы дәрі бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қарағанды облысында медбике мүгедек балаға мерзімі өткен дәрі бергені үшін жауапқа тартылды
Фото: Астана әкімдігі

Бұл дерек жайлы Алия Москаленконың миында органикалық зақымдануы мен эпилепсия дерті бар ұлының жағдайы күрт нашарлағаннан кейін белгілі болды. Анасы баласына берілген дәрі-дәрмекке күмәнданып, тиісті органдарға шағым түсірген.

Бұған дейін бірнеше ай бойы оң нәтиже көрсетіп, ұстамасыз жүрген бала кенеттен ауыр эпилепсиялық ұстамаға ұшырап, есінен танып қалған. Осы жағдайдан кейін ғана анасы амбулаториядан берілген дәрінің мерзімі өтіп кеткенін анықтайды.

— Бұл жағдай адам өміріне қауіп төндіреді. Мұндай жауапсыздықты ақтауға болмайды. Бұл — жай ғана салғырттық немесе адами қателік емес, бұл өрескел заң бұзу. Мұның заңды жауабы болуы тиіс. Мен бұл істі жай қалдырмаймын. Ешкімнің менің баламның денсаулығына нұқсан келтіруге құқығы жоқ, — деді Әлия Москаленко.

Аудандық аурухананың деректеріне сүйенсек, медбике дәріні берген кезде оның жарамдылық мерзімін тексермеген. Баланың анасы медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментіне жүгінгеннен кейін тексеру жүргізіліп, тәртіп бұзу анықталды.

Департамент бөлімінің басшысы Дарья Ростовскаяның айтуынша, препаратқа рецепт 2024 жылғы 31 желтоқсанда жазылған, бірақ дәрі дертке шалдыққан баланың анасына тек 2025 жылғы 22 мамырда ғана берілген. Осы уақыт аралығында ол бірнеше рет дәрі сұрап келген, алайда препарат уақытында қолына тимеген.

— Петровка ауылдық дәрігерлік амбулаториясының медбикесі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 426-бабы, 1-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды, — деп мәлімдеді Дарья Ростовская.

Алайда баланың анасы қабылданған шара жеткіліксіз деп санайды. Егер дәрі-дәрмектің салдарынан баласының денсаулығына нақты зиян келгені дәлелденсе, ол сотқа жүгінуге ниетті.

— Сонда менің баламның өмірі 300 мың теңгемен өлшеніп отыр ма? Қазір ол жоспарлы ем қабылдап жатыр. Толық медициналық қорытынды шыққан соң, мен нақты қадамға барамын, — дейді Алия Москаленко.

Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы медбикеге айыппұл салынғанын растады және аталған жағдай ведомство бақылауында екенін атап өтті. 

Соңғы жаңалықтар
Референдум