Қарағанды облысында ірі жоба жұмысына кедергі келтірген басқарма қызметкері жауапқа тартылды
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – «Manufacturing - United Energy Qazaqstan» ЖШС (Германия) Қарағанды облысында 198 жұмыс орындық жел электр станциялары үшін конустық мұнаралар шығаратын зауыт салу жобасын жүзеге асырып жатыр. Алайда, жобаны Индустрияландырудың бірыңғай картасына енгізу туралы өтінім 5 ай бойы, әр жолы жаңа ескертулермен кері қайтарылып отырған.
Қарағанды облысының прокуратурасы инвесторлардың құқықтарын қорғау және инвестициялық жобаларды қолдау бойынша жұмысты жалғастырып отыр.
Бүгінгі таңда облыс экономикасына салған инвестициясы 219 миллиард теңгеден асатын 10 инвесторға құқықтық көмек көрсетіліп, қиындық тудыратын мәселелері шешілді.
Мәселен, «Manufacturing — United Energy Qazaqstan» ЖШС (Германия) аталған өңірде 198 адамға жұмыс орнын беретін, жел электр станциялары үшін конустық мұнаралар шығаратын зауыт салу жобасын жүзеге асырып жатыр. Инвестиция сомасы — 36 млрд теңге. Алайда, прокуратура мамандары инвестормен кездесу барысында ол жергілікті атқарушы органдар өтінімін қарауды созбалаңға салып жүргенін мәлімдеген.
Бұзылған құқықтарды жедел қалпына келтіруге және қорғауға мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қатысатын Фронт-офис жұмысы ықпал етеді.
Мемлекеттік ынталандыру шараларын алу үшін индустриялық-инновациялық жобаны Индустрияландырудың бірыңғай картасына енгізу қажет.
Мәлім болғандай, жобаны Индустрияландырудың бірыңғай картасына енгізу туралы өтінім 5 ай бойы созылып келген. Басқарма мамандары әр жолы жаңа ескерту айтып, құжатты қайта қарауға жіберіп отырған.
Қарағанды қаласының Ә.Бөкейхан ауданының прокуроры инвестор және мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірлесіп, Фронт-офис алаңында кеңес ұйымдастырды, онда құжаттарды дайындауға құқықтық көмек көрсетіліп, тиісті тапсырмалар берілді.
Нәтижесінде мәселе тез арада шешіліп, жоба қажетті аймақтық сараптамадан өтіп, Индустрияландырудың біріңғай картасына енгізілді.
«Инвестордың өтінімдерін қарауды созбалаңға салу және сапасыз қарау фактісі бойынша қадағалау актісі енгізілді. Облыстың Индустрия және инновациялық даму басқармасының кінәлі қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды», — делінген хабарламада.