Қарағанды облысында су тасқынынан зардап шеккендерге біржолғы материалдық көмек көрсетілді

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM - Қарағанды облысы Шет ауданында су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы материалдық көмек берілді. Зардап шеккен отбасылар 369 200 теңгеден алды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

су тасқыны
Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

Осы аптада олар толық залалды өтей бастайды, бағалау комиссиясы жұмысты аяқтап, қорытынды дайындайды. Сондай-ақ осы аптада мал шығынына байланысты мәселе шешіледі.

Бұл туралы Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров хабарлады.

«Зақым келген үйлердің орнына басқасын сатып алу немесе үй салу мәселесі қарастырылуда. Зардап шеккен халықтың жағдайын жедел қалпына келтіру бойынша барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Оларға 369 200 теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетілді», - деп мәлімдеді аудан әкімі.

Сондай-ақ, облыс әкімдігінде елді мекендерді су тасқынынан қорғаудың одан әрі шаралары талқыланды.

ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов 2015 жылдан 2023 жылға дейінгі жеті жыл ішінде облыста республикалық Жол картасы және облыстық инженерлік жұмыстар жоспары бойынша су тасқынына қарсы іс-шаралардың үлкен көлемі жүргізілгенін еске салды.

«274,1 км қорғаныс бөгеттері мен біліктері тұрғызылды және нығайтылды, 259,8 км өзен арналарының жағалауын нығайту, түбін тереңдету, түзету, кеңейту және тазарту жұмыстары орындалды, 104,3 км су бұру арналары орнатылды және нығайтылды, 309 жол учаскесінде су өткізу қабілеті ұлғайтылды, 68,1 км дренаж жүйелері салынды және жөнделді. Осы іс-шаралардың барлығы, күрделі жағдайға қарамастан, өзен арналарына судың көп түсуі, әсіресе Сарытөбе, Мұстафин, Чкалов, Садовое, Нұраталды, Қызылқой, Қарағайлы, Кертінді, Тассуат, Нұра және басқа да көптеген елді мекендерде апатсыз өткізіп жіберуге мүмкіндік берді», – деп атап өтті Мұрат Қатпанов.

Биылғы су тасқыны сабақтарын ескере отырып, жоспарларды түзете отырып, жұмыстар жалғасады. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Қожановтың айтуынша, жолдардың 72 учаскесіне су өткізу құбырларын орнату қажет.

«Шынында да, көп жұмыс жасалды, сондықтан біз үлкен суды өткізе алдық. Бірақ бізде қиындықтар бар. ТЖД-ға аудандар мен қалалардың әкімдіктерімен бірлесіп тағы да инженерлік жұмыстар жоспарын жасап, оны жазғы кезеңде іске асыруға кірісуді тапсырамын. Бұл жұмысты жалғастырамыз», – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына барлық бөгеттер мен гидроқұрылыстардың техникалық жай-күйін қайта тексеру тапсырылды.