Қарағанды облысындағы ақылы жолдардан жиналған миллиардтар қайда жұмсалады

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM - 2026 жылдың сегіз айында Қарағанды облысындағы екі ақылы автожол учаскесінен 6,8 млрд теңге жиналған. Алайда оның 1,4 млрд теңгесі ғана жолдарды күтіп ұстау мен ағымдағы жөндеуге тікелей бағытталған. «ҚазАвтоЖол» өкілдері жол жүру құнының неліктен әр учаскеде әртүрлі екенін түсіндіріп, орташа жылдамдықты бақылау жүйесінің қалай жұмыс істейтінін айтып берді.

л
Фото: “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ

Қарағанды облысында республикалық маңызы бар «Астана – Теміртау» және «Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал» атты екі ақылы автожол учаскесі бар. Жыл басынан бері аталған жолдардан 6,8 млрд теңге жиналды. Оның 3,7 млрд теңгесі «Астана – Теміртау» учаскесіне, ал 3,1 млрд теңгесі «Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал» тасжолына тиесілі.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ «Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы» филиалының мәліметінше, бұл қаражат 2026 жылғы 1 қаңтар мен 31 тамыз аралығында түскен.

ақылы жол, автожол
Фото: “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ

«Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы» филиалы директорының міндетін атқарушы Айбек Амантаевтың айтуынша, ақылы жолмен жүру құны тек оның жалпы ұзындығына қарай есептелмейді.

– Әрбір ақылы жол учаскесі белгілі бір аймақтарға бөлінген. Төленетін сома көлік құралы кесіп өткен аймақтарға қарай есептеледі. Бұл ретте аймақтардың ұзындығы әкімшілік аудандардың аумағына байланысты емес. Көлік бақылау аркасынан өткен кезде жүйе оның бір аймақтан шыққанын және келесі аймаққа кіргенін тіркейді, – деді Айбек Амантаев.

Оның сөзінше, I техникалық санаттағы жолдармен жүргені үшін барлық көлік құралынан ақы алынады. Ал II және III санаттағы жолдарда төлемді тек жүк көліктері төлейді.

ақылы жол, автожол
Фото: “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ

Мәселен, ұзындығы 134,087 шақырым болатын «Астана – Теміртау» ақылы учаскесімен жүру құны төлемді жол жүріп өткеннен кейін жасаған жағдайда 410,01 теңге болса, алдын ала төлегенде 351,64 теңгені құрайды.

Ал ұзындығы 645,64 шақырымға созылатын «Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал» учаскесімен жүру әлдеқайда қымбат. Бұл бағытта төлемді кейін жасаған жүргізушілер 2 341,58 теңге, алдын ала төлегендер 2 029,74 теңге төлейді.

– Демек, жол жүру құнының айырмашылығы ақылы аймақтардың ұзындығына және көлік құралы кесіп өтетін аймақтардың санына да байланысты, – деп түсіндірді Айбек Амантаев.

ақылы жол, автожол
Фото: “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ

Жол ақысынан түскен қаражат қайда жұмсалады?

«ҚазАвтоЖол» өкілдері ақылы жолдардан түсетін қаражаттың нақты мақсаттарға жұмсалатынын атап өтті. Заңнамаға сәйкес, бұл қаржы ақылы автомобиль жолдарын жөндеуге және күтіп ұстауға, ақы алу жүйесінің бағдарламалық-аппараттық кешендеріне қызмет көрсетуге, сондай-ақ осындай кешендерді құру мен қолданысқа енгізуге тартылған инвестицияларды қайтаруға бағытталады.

2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша биыл жиналған қаражаттың 1,4 млрд теңгесі Қарағанды облысындағы жолдарды күтіп ұстау мен ағымдағы жөндеуге тікелей жұмсалған.

Осылайша, өңірдегі екі ақылы жол учаскесінен сегіз айда түскен 6,8 млрд теңгенің шамамен 20,6 пайызы ғана жолдарды күтіп ұстау мен ағымдағы жөндеуге бағытталған.

ақылы жол, автожол
Фото: “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ

Сонымен бірге ақылы жолдардан жиналған қаражат міндетті түрде өзі түскен учаскеге ғана жұмсалмайды. Заңнамада бұл қаржыны ақылы автомобиль жолдарының жұмыс істеуіне байланысты шығындардың бірнеше бағыты бойынша пайдалану қарастырылған.

Салыстырмалы түрде алсақ, 2025 жылы Қазақстанның барлық ақылы автомобиль жолдарынан 85,4 млрд теңге жиналған. Ал 2026 жылдың алғашқы алты айындағы түсім 43,7 млрд теңгені құрады.

Қарағанды облысында орташа жылдамдық қай жолдарда бақыланады?

Ақылы жолдардағы жылдамдықты бақылау тәртібі де жүргізушілерді қызықтырады. Мұндай жолдарда көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін танитын камералармен және орташа жылдамдықты есептейтін бағдарламалық-аппараттық кешендермен жабдықталған тұрақты бақылау бекеттері орнатылған.

ақылы жол, автожол
Фото: “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ

– Көлік бақылау аркасынан өткенде камера оның мемлекеттік тіркеу нөмірін, өткен уақытын, орнын және сол учаскеде белгіленген жылдамдық режимін тіркейді. Көлік келесі бақылау аркасынан өткен кезде жүйе екі арканың арасындағы жол бөлігінде қозғалыстың орташа жылдамдығын есептейді, – деді Айбек Амантаев.

Қарағанды облысында мұндай бақылау KAZ01 «Астана – Қарағанды (айналып өту арқылы) – Алматы» автомобиль жолының «Астана – Теміртау» учаскесінде жүргізіледі.

Орташа жылдамдық мына жол бөліктерінде есептеледі:

* Теміртау – Ошағанды: 163-шақырымнан 141-шақырымға дейін, екі бағытта да;
* Ошағанды – Анар: 141-шақырымнан 93-шақырымға дейін, екі бағытта да;
* Аршалы – Анар: 66-шақырымнан 93-шақырымға дейін, Астана – Теміртау бағыты бойынша.

ақылы жол, автожол
Фото: “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ

Рұқсат етілген орташа жылдамдық әр учаскеде белгіленген жылдамдық режиміне байланысты.

– Егер жолда жылдамдық режимі өзгеріп отырса, есептеу бірнеше кезеңмен жүргізіледі. Әрбір жол бөлігін жүріп өтуге қажетті уақыт сол учаскеде белгіленген жылдамдық шектеуіне қарай есептеледі. Одан кейін барлық бөліктің ұзындығы мен оларды жүріп өтуге есептелген уақыттың жиынтығы ескеріледі. Осы деректер негізінде рұқсат етілген орташа жылдамдықтың қорытынды мәні анықталады, – деп түсіндірді Айбек Амантаев.

Бекітілген әдістемеге сәйкес, есептелген орташа жылдамдықтың қорытынды мәні төменгі бүтін санға дейін дөңгелектенеді.

Ал жылдамдық режимі өзгермейтін учаскелерде рұқсат етілген орташа жылдамдық бүкіл бақыланатын жол бөлігінде белгіленген шекке сәйкес келеді. Атап айтқанда, Анар – Ошағанды және Ошағанды – Теміртау учаскелерінде ол сағатына 140 шақырымды құрайды.

ақылы жол, автожол
Фото: “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ

Камераның алдында жылдамдықты төмендету айыппұлдан құтқара ма?

Жүргізушілер арасында жиі қойылатын сұрақтардың бірі – жолдың басым бөлігінде белгіленген жылдамдықты асырып, екінші бақылау аркасына жақындағанда жылдамдықты төмендету арқылы айыппұлдан құтылуға бола ма?

Айбек Амантаевтың айтуынша, камераның алдында жылдамдықты азайту еш кепілдік бермейді.

– Егер екі бақылау аркасының арасындағы қозғалыстың есептелген орташа жылдамдығы рұқсат етілген шектен асып кетсе, құқық бұзушылық туралы мәліметтер белгіленген тәртіппен ЕРАП процессинг орталығына жіберіледі. Сондықтан екінші бақылау аркасының алдында жылдамдықты төмендету құқық бұзушылықтың тіркелуіне өздігінен кедергі келтірмейді, – деді ол.

Жүйе көліктің екі бақылау аркасының арасындағы қашықтықты қанша уақытта жүріп өткенін ескере отырып, орташа жылдамдықты есептейді. Яғни камера көліктің белгілі бір нүктедегі жылдамдығын ғана тіркемейді, бақылаудағы бүкіл жол бөлігін жүріп өтуге кеткен уақытты есепке алады.

ақылы жол, автожол
Фото: Kazinform

Қазіргі уақытта Қазақстанда жалпы ұзындығы 6 290,59 шақырым болатын 28 ақылы жол учаскесі жұмыс істейді. Оның 13-і I техникалық санатқа жатады. Олардың жалпы ұзындығы – 2 898,04 шақырым. Ал II және III санаттағы 15 учаскенің ұзындығы 3 392,55 шақырымды құрайды.

Республикалық және халықаралық маңызы бар автомобиль жолдарына ақылы жүйе енгізу туралы шешімді уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі қабылдайды. Ал «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын басқару жөніндегі ұлттық оператор болып белгіленген.

Еске салсақ, бұған дейін ҚазАвтоЖол екі жол жобасы бойынша 9,8 млрд теңгенің қысқартылу себептерін түсіндірген болатын.