Қарағанды облысының Нұра ауданында 19 мектеп директоры әкімшілік жауапкершілікке тартылды
АСТАНА. KAZINFORM — Нұра ауданының прокуратурасы аудандағы білім беру ұйымдарында тексеріс жүргізді. Нәтижесінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау, өрт қауіпсіздігі және денсаулық сақтау салаларында көптеген заң бұзушылықтар анықталды. Бұл туралы Қарағанды облысының прокуратурасы мәлім етті.

Тексеріс нәтижесінде ауданның кейбір мектептерінде жарамдылық мерзімі өтіп кеткен дәрілік құралдар табылған.
«Белгіленген стандарттарға сәйкес келмейтін дезинфекциялық ерітінділер анықталды. Мектептердің бірінде ішек таяқшасы бактериялары анықталды. Аудан прокуратурасының қадағалау актісі негізінде барлық анықталған бұзушылықтар жойылды», — делінген хабарламада.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2000-нан астам кәмелетке толмағандардың құқықтары қорғалды.
Тексеру нәтижесі бойынша өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін 19 мектеп директоры әкімшілік жауапкершілікке, 17 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.