Қарағанды, Теміртау, Балқаш қалаларының цифрлық егіздері жасалады
АСТАНА. KAZINFORM — Қарағанды, Теміртау және Балқаш қалаларының цифрлық егіздерін жасап, олардың даму жоспарларын әзірлеу көзделіп отыр. Бұл міндет Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру аясында Қарағанды облысында қолға алынатын басым бағыттардың бірі ретінде белгіленді, деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қарағанды облысында Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын жүзеге асыруға бағытталған нақты шаралар айқындалады. Құжаттың негізгі басымдықтарын түсіндіріп, оны іске асыру жолдарын талқылау үшін өңірге Құрылтай депутаттары Асхат Аймағамбетов, Вадим Басин, Үнзила Шапақ, Александр Данилов және Айсұлу Сүлейменова келді. Олар облыс тұрғындарымен, соның ішінде өндіріс жұмысшыларымен және жастармен кездесіп жатыр.
Депутаттардың өңірге жұмыс сапары облыс активімен кездесуден басталды. Жиынға Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері мен орталық мемлекеттік органдардың өкілдері де қатысты. Кездесуде Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мәселелері талқыланып, Қарағанды индустриялық өңірінің дамуына тікелей қатысты басым бағыттарға айрықша назар аударылды. Атап айтқанда, өнеркәсіпті жаңғырту, энергетика мен инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту, цифрлық технологияларды енгізу және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері қаралды.
Құрылтайдың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов әлеуметтік саясатты жаңарту және көмекке мұқтаж азаматтарды атаулы қолдау мәселелеріне тоқталды.
— Бұл — жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі Мемлекет басшысының алғашқы Жолдауы. Құжаттың басты ерекшелігі — әр адам өзіне тікелей қатысты маңызды мәселелердің жауабын таба алады. Мәселен, мұғалім үшін өз құқығының қорғалуы, педагогтерге түсетін артық жүктеменің азайтылуы маңызды болса, дәрігерлер еңбекақының өсуі мен медицина саласының дамуына назар аударады. Ал кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер, мемлекеттік басқару мен салық жүйесіндегі өзгерістер маңызды. Құрылтай Президент Жолдауын жүзеге асыруға бағытталған бірнеше заң жобасын әзірлеп қойды, — деді депутат.
Жиында «Халықтық құрылыс» бастамасы да жеке талқыланды. Оны жүзеге асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін шамамен 6,5 трлн теңге бағыттау жоспарланып отыр. Бұл жергілікті кәсіпорындардың әлеуетін арттырып, өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Айсұлу Сүлейменованың айтуынша, депутаттар тұрғындармен кездесуде жастарға да ерекше назар аудармақ. Оларға белсенділік танытып, алдына нақты мақсат қоя білу, сапалы білім алу қажеттігін жеткізуді көздейді. Өйткені елдің өркендеуіне әр азаматтың қосқан үлесі маңызды.
Кездесуде айтылған ұсыныстар Жолдауды жүзеге асыру жөніндегі облыстық бірыңғай жоспарға енгізіледі. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев әр міндеттің орындалу мерзімі мен нәтижесіне жауапты тұлғалар нақты көрсетілген жоспар әзірлеуді тапсырды.
Басым міндеттердің қатарында жаңа өндіріс орындарын іске қосу, инвестиция тарту, экономика мен ауыл шаруашылығын цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын енгізу және елді мекендерді абаттандыру бар. Сонымен қатар Қарағанды, Теміртау және Балқаш қалаларының цифрлық егіздерін жасап, әрқайсысын дамытудың нақты жоспарларын әзірлеу міндеті қойылды.
— Жұмысымыздың басты өлшемі өткізілген жиындар мен әзірленген құжаттардың саны емес, ел өміріндегі нақты өзгерістер болуы керек. Бұл — тұрақты жұмыс істейтін кәсіпорындар, сенімді инфрақұрылым, сапалы жұмыс орындары және халыққа қолжетімді қызметтер, — деп атап өтті өңір басшысы.
Бүгін Құрылтай депутаттары Қарағандыдағы кәсіпорындар мен жоғары оқу орындарын аралап, Теміртау және Саран қалаларына да барады.
Бұған дейін Қарағанды облысын 2032 жылға дейін қандай өзгерістер күтіп тұрғанын жазғанбыз.