Қарағанды зертханасына айыппұл салынып, аккредитациясы тоқтатылды
АСТАНА. KAZINFORM — Асфальтбетонды сынақтан өткізу кезінде нормаларды бұзғаны үшін Қарағанды зертханасына айыппұл салынып, аккредитация куәлігі тоқтатылды, деп хабарлайды Техникалық реттеу және метрология комитеті.
— Қарағанды облысындағы зертхана асфальтбетон қоспасынан жасалған керн материалдарын сынау бойынша хаттамаларды аккредитациялық нормаларды бұза отырып шығарған. Бұл бұзушылық Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті департаменті қызметкерлері жүргізген жоспардан тыс тексеру барысында анықталды, — делінген комитет таратқан ақпаратта.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының мамандары Қазақстандағы асфальтбетон зауыттарын тексеруге кірісті.
Сондай-ақ, елордада асфальтбетонды жылдың суық мезгілінде төсеуге арналған ерекше қоспа таныстырылғанын жаздық.