«Қарағанды ЖЭО-3-те жарылыс болды» – желідегі ақпаратқа түсінік берілді
Әлеуметтік желілерде Қарағандының Жылу электр орталығында (ЖЭО) қазандық агрегаты жарылғаны туралы аудиожазбалар мен видеолар тарап жатыр. Қала әкімі Мейрам Қожухов пен ЖЭО-3 бас директоры Флюр Гарипов бұл мәліметтерді теріске шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кеше Қарағанды қаласы түгелдей дерлік жарықсыз қалғаннан кейін әлеуметтік желілерде Жылу электр орталығында жарылыс болғаны туралы көптеген жарияланымдар пайда болды.
Видеода турбиналардың айналасында бу шығып жатқанын көруге болады. Желідегі жазбаларда қалаға электр қуаты уақытша қосылғаны және жөндеу жұмыстарына бір аптадан астам уақыт кететіні айтылады.
Алайда қала билігі тұрғындарды байбаламға салынбауға шақырды. Қарағанды әкімі Мейрам Қожухов өзінің Instagram-парақшасында видео жариялап, онда ЖЭО-3 бас директоры Флюр Гарипов будың көп мөлшерінің себебін егжей-тегжейлі түсіндіреді, сондай-ақ жарылыс туралы нұсқаны жоққа шығарады.
"Қазір станция штаттық режимде. 3 қазандық пен 3 турбина жұмыс істейді. Шамамен 260 мегаватт генерацияны құрайды және №1 қазандық пен № 6 турбинаны іске қосу жүргізіледі. Шамамен екі сағаттан кейін біз жүктемені қалпына келтіреміз. Жалпы қуат шамамен 380 мВт-қа дейін болады.
Әлеуметтік желілерде халық арасында қарқынмен таралып жатқан фейктерге және тағы басқасына қатысты айтар болсам. Бу шығып жатқаны бейнеленген фотосуретте цех қазандығының жарылуы орын алды деген екен. Бұл бу алдын ала қауіпсіздік мақсатында шығарылады. Яғни, негізгі жабдық тоқтаған кезде қазандықтар 140 атмосфераның қысымында болады. Қызып кеткен будың температурасы шамамен 550 градус және бұл күшті бір уақытта бітеу мүмкін емес. Сондықтан, бу арнайы құрылғы арқылы шығарылады, бұл – ауа өткізгіштер.
Желілердің шамадан тыс жүктемесі болатынына келсек. Шамадан тыс жүктемені болдырмайтын шектеуіште деффект болды. Ол қазір жүйеден шығарылды. Қалған жоғары вольтты құрылғы жұмыс істеп тұр. 110 және 220 кВт қосалқы станциялар – штаттық режимде. Барлық жабдықтар қосылған, тұтынушыларға шектеулер жоқ. Қазір өндіріліп жатқан барлық қуат қалаға беріледі, шектеусіз. Сондықтан ешқандай ажыратулар жоспарланбайды, шамадан тыс жүктеменің орын алуы мүмкін емес және болмайды да", - деді ЖЭО-3 бас директоры.
Сондай-ақ түнде Қарағанды қаласының Жылу электр орталығында қазандық жағыла бастады. Демалыс күндері үйлерге жылу беріле бастайды.
Еске салайық, кеше Қарағанды облысының бас шаһарында абоненттердің басым дені жарықсыз қалған болатын.
Өңір әкімі Ермағанбет Бөлекбаев тұрғындарға мәлімдеме жасап, жағдайды түсіндірді.
Кейін Энергетика министрлігі шаһарда қуат беру қалпына келтірілгенін мәлім етті.
Министрлік төтенше жағдайға байланысты тергеу жүргізбек.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Посмотреть эту публикацию в Instagram