Қарағандыда 454 адам мемлекеттен тегін үй алуға кезекке заңсыз тұрып алған
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды облысы прокуратурасы тұрғын үй заңнамасының сақталуына тексеріс жүргізді.

Мемлекет баспанамен халықтың тек белгілі бір санаттарын қамтамасыз етеді.
Тексеру барысында тұрғын үйге мұқтаж ретінде кезекте тұрған 33 мың азаматтың 454-і аталған санатқа жатпайтыны және мемлекеттік қордан тұрғын үй алуға құқығы жоқ екені анықталды (ден қою актілері бойынша кезектен шығарылды).
50 адамға ауданы заң талаптарына сәйкес келмейтін пәтерлер берілген.
Қадағалау актісі бойынша иесі жоқ 78 тұрғын үйді коммуналдық меншікке қабылдау шаралары жүріп жатыр.
Азаматтардың жалға берілген тұрғын үйге төлемдер бойынша қарызы — 20 млн теңге, ден қою актілері бойынша жергілікті атқарушы органдар сотқа талап-арыз берді.
Шахтинск қаласында пәтерді тұрғын үйді жалға беру шартын заңды деп тану туралы жалған сот шешімінің негізінде жекешелендіру түріндегі алаяқтық фактісі анықталды.
Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Ақтоғай ауданында мұқтаж азаматтарға жағдайы өрт және санитарлық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін, атап айтқанда қабырғасында жарық пен ылғал бар, электр қондырғылары зақымдалған, сымдары ашық және басқа ақаулары бар 4 тұрғын үй сатып алынған.
Сол ауданда электр қуатына қосылмаған 2 тұрғын үй сатып алынған.
Тексеру жалғасып жатыр.