Қарағандыда ARTEL брендті тұрмыстық техника өндіріледі
Қарағанды облысында жылына 1,1 млн дана тұрмыстық техника шығаратын зауыт іске қосылмақшы. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қарағанды облысында өнімділігі жылына 1,1 млн дана тұрмыстық техника өндірісін («Silk Road Electronics» ЖШС) іске қосу жоспарлануда. Зауытта ARTEL брендімен теледидарлар, су жылытқыштары, шаңсорғыштар, шағын пештер, кір жуғыш машиналар жасалады, 530 жаңа жұмыс орны құрылады. Сондай-ақ, 261 жаңа жұмыс орны бар кокс шығаратын заманауи зауыт іске қосылады. Қуаты жылына 400 мың тонна арнайы кокс өндіруге қауқарлы», - деді ол.
Бұл өнімнің бір бөлігі кейіннен экспортқа шығарылмақ. Ал негізгі тұтынушысы ERG кәсіпорындары болмақ.
«Қостанай облысында «СарыарқаАвтоПром» компаниясы Chevrolet Оnix автомобильдерін шағын тораптық әдіспен (CKD) өндіруді жоспарлап отыр. Жылына 30 мың данасын шығару жоспарлануда. Бұл ішкі сұранысты қамтамасыз етуге және 400 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», - деді ведомство басшысы.