Қарағандыда бағдаршамның жұмыс тәртібі өзгереді
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қарағандыдағы көлік қозғалысы қарқынды учаскелердің бірінде жүргізушілердің бағдаршамның қызыл түсіне тоқтау саны азаюы мүмкін. Мамандар кептеліске көліктер ағынының көптігімен қатар, бағдаршамдардың бір-бірімен үйлеспей жұмыс істеуі де себеп болып отырғанын анықтады.
Қарағандыда жасанды интеллект көмегімен жол қозғалысын ұйымдастырудың жаңа схемасы сынақтан өткізіліп жатыр. Пилоттық жоба аясында 7-ші магистраль бойындағы алты бағдаршамның жұмысын өзара үйлестіру жоспарланған.
Жүйе әр жолақтағы көлік санын, қозғалыс қарқынын және бағдаршамдардың қолданыстағы жұмыс режимін талдайды. Бұл деректер бейнебақылау камераларынан алынады. Одан кейін нейрондық желі жолдың әр учаскесінде бағдаршам сигналдарын қалай тиімді реттеуге болатынын есептейді.
– Камералар әр жолақтағы көлік санын есептейді. Нейрондық желі қозғалыс қарқыны мен бағдаршамдардың қолданыстағы жұмыс режимдерін талдап, содан кейін жолдың әр учаскесіне арналған оңтайлы баптау нұсқаларын ұсынады, – деп түсіндірді облыстық цифрландыру басқармасында.
Пилоттық жоба үшін Терешкова көшесінен Стартовый тұйық көшесіне дейінгі аралық таңдалған. Цифрлық модельдеу нәтижесінде бұл учаскедегі кептелістің себептерінің бірі бағдаршамдардың өзара үйлесімсіз жұмыс істеуі екені анықталды.
Мәселен, Камская көшесімен қиылыстағы бағдаршам мен ХМК ауданындағы реттелетін жаяу жүргіншілер өткелінің арасы небәрі 81 метр. Алайда олар әртүрлі режимде жұмыс істейді. Соның салдарынан жүргізушілер қысқа ғана жол бөлігінде екі рет тоқтауға мәжбүр.
Бағдаршамдардың жұмысын біріктіру бұл жағдайды өзгертуге тиіс. Есептеулерге сәйкес, таңертең солтүстік бағытта қозғалған кезде көліктердің тоқтау саны орта есеппен үштен бірге дейін азаюы мүмкін. Карл Маркс көшесінен шыққан жүргізушілердің басым бөлігі қиылыстан екі рет жасыл сигналды күтпей-ақ, біржола өту мүмкіндігіне ие болады.
Жаңа жұмыс режимі жұмыс күндері қарбалас уақыттарда енгізілмек. Атап айтқанда, таңғы сағат 07:00-ден 10:00-ге дейін және кешкі 16:30-дан 19:30-ға дейін қолданылады. Қалған уақытта, соның ішінде демалыс күндері бағдаршамдар бұрынғы режимде жұмыс істейді.
Қазір мамандар нейрондық желі ұсынған жүйені тікелей жолда сынап жатыр. Алдын ала есеп бойынша, бағдаршамдардың жұмысын біріздендіру қарбалас уақытта көліктердің орташа кідіріс уақытын шамамен 40%-ға қысқартуға мүмкіндік береді.
Қазір Қарағандыда жол қозғалысын басқарудың бірыңғай жүйесіне барлығы 233 бағдаршам қосылған. Оның оны адаптивті режимде жұмыс істеп тұр.
Бұған дейін Қарағандыдағы №2 перинаталдық орталықтың жансақтау бөлімінде пациенттердің жағдайы туралы деректерді автоматты түрде жинап, бірыңғай цифрлық базаға жіберетін жүйе сынақтан өткізіле бастағаны хабарланған болатын.