Қарағандыда дәрігердің ЖИ-көмекшісі мен виртуалды пациент жасалып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Қарағанды медицина университеті дәрігердің жұмысын жеңілдететін жасанды интеллект көмекшісін және болашақ дәрігерлерге арналған виртуалды пациент моделін әзірлеп жатыр. Жаңа технологиялар медициналық құжаттарды рәсімдеуге кететін уақытты қысқартып, студенттердің клиникалық дағдыларын жетілдіруге бағытталған. Бұл туралы ДСМ мәлім етті.
Қарағанды медицина университеті AI-Sana ұлттық бағдарламасы аясында денсаулық сақтау мен медициналық білім беру саласына жасанды интеллектіні енгізу бағытында бірнеше жобаны жүзеге асырып жатыр. Солардың бірі — дәрігерлерге арналған AiMed Voice интеллектуалды көмекшісі.
Жобаның негізгі мақсаты — дәрігер мен пациент арасындағы әңгімені автоматты түрде өңдеп, қажетті медициналық ақпаратты жүйелеу. Бұл дәрігерлердің құжат толтыруға жұмсайтын уақытын қысқартып, пациенттерді тексеруге және емдеу бойынша шешім қабылдауға көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік береді.
Университет оқытушылары мен студенттерінен құралған команда дәрігердің ЖИ-көмекшісінің алғашқы жұмыс істейтін прототипін әзірлеп үлгерді.
Жоба әзірлеушілері медициналық ақпараттың қауіпсіздігіне және пациенттердің жеке деректерін қорғауға ерекше мән беріп отыр. Сондықтан әзірге жүйе зерттеу және сынақ кезеңінде. Оны дәрігерлердің күнделікті жұмысына енгізу үшін алдымен қауіпсіздігі мен сенімділігі жан-жақты тексерілуі керек.
Студенттер виртуалды пациентпен тәжірибе жинайды
Университет мамандары жасанды интеллектіні медициналық білім беру саласында қолданудың тағы бір бағытын қолға алған. Олар болашақ дәрігерлерге арналған «виртуалды пациент» симуляторын әзірлеуді жоспарлап отыр.
Бұл технология студенттерге цифрлық ортада түрлі клиникалық жағдайларды пысықтауға мүмкіндік береді. Олар виртуалды науқастың ауру тарихын жинап, белгілерін талдап, клиникалық ойлау қабілетін дамытады және емдеу бойынша шешім қабылдауды үйренеді.
Жобаның маңызды ерекшелігі — оқу барысында нақты пациенттердің жеке деректері пайдаланылмайды. Оның орнына арнайы жасалған синтетикалық деректер қолданылады.
Жасанды интеллект дәрігерді алмастырмайды
AI-Sana бағдарламасына қатысу университетке жаңа цифрлық шешімдер әзірлеумен қатар, болашақ медицина мамандарын жасанды интеллектіні сауатты әрі жауапкершілікпен пайдалануға үйретуге мүмкіндік береді.
Студенттер жаңа технологиялардың мүмкіндіктерімен қатар, олардың шектеулерін де түсініп, ЖИ ұсынған ақпаратты сыни тұрғыдан бағалауды үйренеді.
Университет алдағы уақытта ғылыми зерттеулерді жалғастырып, студенттерді жаңа жобаларға тартуды және цифрлық технологияларды оқу үдерісіне енгізуді жоспарлап отыр.
Бұл ретте пациенттердің жеке деректерін қорғау және медициналық шешім қабылдауда дәрігердің негізгі рөлін сақтау басты талап болып қала береді.