Қарағандыда интернет-дүкен атын жамылып, 461 адамды алдаған әйелдер сотталды
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағандыда 461 адамды алдап, 700 млн теңгеден астам шығын келтірген екі әйелге сот үкімі шықты. Олар Қытай мен Түркиядан тауарлар, жиһаз, тұрмыстық техника және автокөліктерді арзан бағамен жеткізіп беруге уәде бергенімен, тапсырыстарды орындамаған.
Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық сотының мәліметінше, сотталушылар WhatsApp мессенджерінде тауарларды тиімді бағамен сату үшін топтар ашқан. Сатып алушылардың сеніміне кіру мақсатында олар тапсырыстар жеткізілді деп жалған пікірлер жариялаған.
Кейін әйелдер нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан жиһаз, тұрмыстық техника және автокөліктерді жарнамалай бастаған. Тауарларды ілгерілету үшін бөгде адамдардың пікірлері түсірілген бейнежазбаларды пайдаланған.
Сатып алушылардан тапсырыс пен ақша қабылдағаннан кейін сотталушылар тауарларды жеткізуге уәде берген. Алайда олар өз міндеттемелерін орындауды тіпті ойламаған. Соның салдарынан 461 адам зардап шегіп, келтірілген жалпы шығын 700 млн теңгеден асты.
Әйелдердің кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтары, WhatsApp топтарындағы хат алмасулар мен жарияланымдар, банк шоттарындағы ақша қозғалысы туралы мәліметтер және сотта зерттелген өзге де дәлелдер арқылы расталды.
Прокурор сотталушылардың әрқайсысын 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды және жазаны өтеуді бір жылға кейінге қалдыруды сұрады. Бұл ретте әйелдердің бірінің жеті баласы, ал екіншісінің кәмелетке толмаған баласы бары ескерілді.
Жәбірленушілер қатаң жаза тағайындауды және келтірілген шығынды өтеуді талап етті. Ал сотталушылар өз кінәларын мойындамады. Қорғау тарапы оларды ақтауды сұрады.
Сот үкімімен екі әйелдің әрқайсысы 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Алайда жазаны өтеу бір жылға кейінге қалдырылды. Сот жазаны жеңілдететін себеп ретінде сотталушылардың кәмелетке толмаған балалары бар екенін ескерді. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Жәбірленушілердің азаматтық талаптары ішінара қанағаттандырылды. Сотталушылардан 700 млн теңгеден астам шығын өндіріп алу туралы шешім қабылданды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, Астанада маркетплейс жүргізу бойынша оқыту қызметін ұсынып, алаяқтық жасаған әйел сотталды.