Қарағандыда оңалту, ерте араласу және аутизм орталығы ашылды

орталық
Фото: «Самұрық-Қазына»

Қарағандыда ресми іске қосылған нысан Қор инклюзивті қоғамды дамыту мақсатында қолға алған оңалту, ерте араласу және аутизм орталықтарының 35-шісі болып отыр. Осылайша бүгінде толық 3 жылда 40 мыңға жуық бала оңалтудан өтіп үлгерді. Олардың 3070-і алғашқы қадамын жасаса, 4162 бүлдіршін бірінші сөздерін айта бастады.

Қарағанды қаласындағы Кеншілер даңғылы, 83 мекенжайындағы ерте араласу орталығы жыл сайын нейро-ортопедиялық аурулары және олардың пайда болу қаупі бар 3 жасқа дейінгі 600 баланы қабылдауға қауқарлы. Мұнда невропатологтар, оңалту дәрігерлері, жаттығу терапиясының нұсқаушылары, психологтар, логопедтер және кәсіби терапевттер тобы жұмыс істейді. Балалаларға және олардың отбасыларына көмек көрсетудің барлық кезеңінде сенімді негізі бар тәсілдер мен әдістер қолданылады.

орталық
Фото: «Самұрық-Қазына»

Орталық «Самұрық-Қазына» және «Қазақстан халқына» қорларының қолдауымен АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Ресей және Қазақстанның сараптамалық деңгейдегі заманауи медициналық оңалту және диагностикалық құралдарымен жабдықталған.

«Самұрық-Қазына» қоры 2020 жылдан бері ерекше балаларды оңалтудан өткізетін орталықтарға қаржылай қолдау көрсетіп келеді. Үш жыл ішінде біз Қазақстанда инклюзивті қоғамды дамытуға бағытталған 15 оңалту, 14 ерте араласу және аутизмі бар балаларға арналған 5 орталықтың тұсауын кестік. Бүгін міне кезекті 35-ші орталықты қасиетті кеншілер мекенінде іске қосу бұйырды. Бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын табады. Бірлескен еңбектің жемісін балалар мен олардың ата-аналары лайықты бағалайды деп сенемін», - деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» қорының басшысы Альфия Адиева.

Қарағанды өңірінде мүгедектігі бар 5 мыңнан астам бала тіркелген. Мүгедектіктің себептері арасында жүйке жүйесінің аурулары мен туа біткен денсаулық кінәраттары басым. Дәл осы диагноздары бар балалар ерте бастан және ұдайы түрде кешенді оңалтуда облыс орталығындағы жаңа «Қамқорлық» ерте араласу орталығы қажетке жарамақ.

орталық
Фото: «Самұрық-Қазына»

Жалпы, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы - «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, Қарағанды облысында 2016 жылдан бері 1,1 млрд теңгеге 17 әлеуметтік жобаны іске асырды.

Соңғы жаңалықтар