Қарағандыда топырақ астында қалып қойған жұмысшының жағдайы қалай
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM - Қарағандыда жер қазу жұмыстары кезінде оқыс оқиға орын алды. Құтқарушылар су мен топыраққа толған ордан жұмысшыны алып шықты.
Оқиға Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы ауданындағы Молоков көшесінде кәріз жүйесін тарту жұмыстары кезінде болған. Жұмыс барысында 23 жастағы жұмысшы топырақ астында қалып қойған.
Оқиға орнына Қарағанды облысы ТЖД жедел-құтқару жасағының қызметкерлері келді. Олар жұмысшылармен бірлесіп, құтқару жұмыстарын жүргізіп, ер адамды су мен топыраққа толған ордан алып шықты.
— Жер қазу жұмыстары кезінде зардап шеккен адам топырақ астында қалып қойған. Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері жұмысшылармен бірге ер адамды ордан алып шықты. Құтқару жұмыстары аяқталғаннан кейін ол жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды, - деп хабарлады Қарағанды облысының ТЖД.
Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ер адамның жағдайы тұрақты. Оны жедел медициналық жәрдем қызметкерлері қарап тексерген. Алайда ол стационарлық ем алудан бас тартқан.
Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Бұған дейін құтқарушылар топырақ астында қалған ер адамды алып шыққаны хабарланған болатын.