Қарағандыда үш жасар баланың қолы эскалаторға қысылып қалды

Қарағандыда бүгін сауда орталықтарының бірінде үш жасар баланың қолы эскалатордың айналмалы бөлігіне тұрып қалды. Бала ауруханаға жатқызылды, жағдайы ауыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

эскалатор застряла рука ребенка
Фото: видеодан алынған кадр

Оқыс оқиға бүгін 6 қазан сағат 11:48-де болған.

112 диспетчеріне Global City сауда орталығында үш жасар бала эскалаторға мінгенде артқа шегініп, құлап, оң қолы қабырға мен қозғалатын бөліктің арасына қыстырылып қалғаны туралы хабар келді.

«Оқиға орнына келген ТЖД қызметкерлері 3 жасар баланың қолын эскалатор конструкциясынан шығарып алды. Бала жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды», — деп хабарлады Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі.

Денсаулық сақтау басқармасы баланың халі нашар екенін хабарлады.

«Бала облыстық балалар клиникалық ауруханасына жатқызылды. Жағдайы ауыр. Операция жасалады деп жоспарланған. Толық көлемде медициналық көмек алып жатыр», — деп хабарлады ведомстводан.

Құтқарушылар балаларды эскалаторда қараусыз қалдырмауға шақырады. Жас балаларды қолынан ұстап жүру керек.