Қарағандыда үй құстары қырылып қалған ауыл бір айға карантинге жабылды

тауық
Фото: Pixabay

Қарағанды облысы Нұра ауданына қарасты Ахмет ауылы карантинге жабылды. Елді мекенді 30 күнге оқшаулауға тауықтардың жаппай қырылуы себеп болған, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Ахмет елді мекенінде бірнеше аулада үй құстарының қырылу фактісі тіркелген.

Арнайы ветеринариялық сараптама қорытындысы өлген тауықтарда Newcastle дерті болғанын анықтаған.

Жергілікті тұрғындар бұл індет қыркүйек айында басталғанын айтады.

Салдарынан осы күнге дейін бір көше бойында орналасқан 7 үйден 223 құс қырылған.

Осы уақытқа дейін аталмыш дерт осы және маңайдағы елді мекендерде тіркелмегендіктен құстарға инфекцияға қарсы екпе салынбаған.

«Бұл ауру адамдарға жұқпайды, сондықтан халыққа еш қаупі жоқ. Алдын ала екпе жасамауымыздың себебі — жоспарда болмаған. Себебі бұрын соңды ньюкасл дерті бізде тіркелмеген. Ауылды 10 қазаннан бастап карантинге жаптық. Енді арнайы жасақ келіп, ауылдағы барлық құстарға вакцина егеді. Сонымен қатар тауық қораларда дезинфекция жасалады. Келесі жылдан бастап бұл дертке қарсы вакцинаны жоспарға енгіземіз», — деп мәлімдеді Ахмет ауылының ветеринар дәрігері Нұрила Бахрам.

Маманның айтуынша, ньюкасл дертіне тек тауықтар ғана шалдығады екен.

Күркетауық, қаз немесе басқа да үй құстарына аталмыш ауру жұқпайды.

Соңғы жаңалықтар