Қарағандыда Vavada ойыншыларының ақшасын қолма-қол ақшаға айналдырған топ ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM- Қаржылық мониторинг агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен «Vavada» интернет-казиносы ойыншыларының ақшасын қабылдап, қолма-қол ақшаға айналдыруды ұйымдастырған дроп-шоттарды басқарушы топтың әрекетін тоқтатты.

а
Фото: СҚО ПД

Агенттіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, схемаға барлығы 23 дроп-шот тартылып, олар арқылы 415 млн теңгеден астам сомаға операция жүргізілген.

Тергеу дерегінше, 2026 жылғы қаңтарда осы схеманы ұйымдастырушылар интернет-казино өкілдерімен Қазақстан аумағында ақша қабылдау және шығару жөнінде келісімге келген.

Кейін топ мүшелерінің бірі оның жұмысын үйлестіріп, казино өкілдерімен байланыс орнатқан. Екіншісі дропперлерді іздеп, олардың банк шоттарына қол жеткізу ісін ұйымдастырған және операторларды іріктеген.

Қарағандыда жалға алынған кеңседе операторлар тәулік бойы ауысыммен жұмыс істеген.

-Екі күдіктіге бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ белгіленді. Соттың санкциясымен олардың мүлкіне, соның ішінде жеке тұрғын үйіне, екі жер теліміне және Mercedes-Benz автокөлігіне тыйым салынды,-делінген хабарламада.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Осыған дейін алаяқтардың ҚМА атынан жалған хат таратып, азаматтардың деректерін алуға тырысқаны туралы жаздық.