Қарағандыда жаңа стадион салынады
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM - Келесі жылы Қарағанды қаласының Майқұдық шағын ауданында оқушылар сарайы мен жаңа стадион салынады. Қалада жаңа көпфункционалды спорт кластері үшін 70 гектардан астам жер бөлінді. Кешен Майқұдық пен Оңтүстік-Шығыс арасындағы бос жерде пайда болады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Жаңа жабық стадион, бассейні бар әмбебап спорт аренасы, көпфункционалды мұз кешені Көгілдір тоғандар мен Оңтүстік-Шығыс арасында салынады. Қарағандыны дамыту жоспары туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев тұрғындармен кездесу барысында мәлім етті.
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамытуға көп көңіл бөледі. Біздің алдымызда дені сау ұрпақты тәрбиелеу, сондай-ақ отандық спортшыларды даярлаумен айналысу міндеттері тұр. Көгілдір тоғандар мен Оңтүстік-Шығыс арасында спорттық кластер салу үшін 72 га жер бөлдік. Қарағандыға жаңа стадион қажет екендігі туралы көптен бері айтылып келеді, Маған тұрғындар тарапынан осы сұрақ үнемі қойылады. Сондықтан біз жабық стадион, хоккей, конькимен сырғанау, мәнерлеп сырғанау және басқа да спорт түрлерімен айналысуға арналған көпфункционалды мұз кешенін саламыз. Мұз аренасы тұрғындардың жаппай келуі үшін де қолжетімді болады, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
- Сондай-ақ, аумақта жеңіл атлетика маньежін, бассейні, күрес және бокс залдары бар әмбебап спорт аренасын саламыз. Барлық нысандар халықаралық стандарттарға сай болады, бұл тиісті деңгейде жарыстар өткізуге мүмкіндік береді. Құрылыс келесі жылы басталады. Бұл ауданның дамуына оң әсер етеді және спортшыларға серпін береді. Майқұдық тұрғындары үшін де жақсы жаңалық. Балаларды дамыту үшін Пришахтинск қаласындағыдай заманауи оқушылар сарайы салынады. Жер учаскесі табылды, дайындық процесі басталды, - деді әкім.
Сондай-ақ, өңір басшысы келесі жыл Майқұдық пен Оңтүстік-Шығысты дамыту жылы болатынын мәлімдеді.
Қарағанды облысында қола дәуіріне тән қорымдар табылды.