Қарағандыда жер қойнауын пайдаланушыға 9 млрд теңгеден астам айыппұл салынуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Қарағанды облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы ірі жер қойнауын пайдаланушылардың бірінде экологиялық заңнаманың өрескел бұзылғанын анықтады.

жер қойнауын заңсыз пайдаланып, пайдалы қазба өндіргендер анықталды
Фото: Видеодан алынған скрин

Прокуратура мәліметінше, кәсіпорын бес жыл бойы зиянды заттарды жер бедеріне төгу арқылы қоршаған ортаны ластап келген.

Тексеру барысында байыту қалдықтарын заңсыз жинақтау, рұқсатсыз эмиссиялар шығару, мыс концентраттарын байыту қалдықтарын жинауға арналған дамбаны заңсыз пайдалану және экологиялық талаптардың басқа да бұзылу фактілері анықталған.

«Прокурорлық тексеру нәтижесінде кәсіпорынның қоршаған ортаға жүйелі түрде теріс әсер еткені белгілі болды. Экологиялық заңнаманы бұзудың бірнеше фактісі анықталып, тиісті әкімшілік өндірістер қозғалды. Қадағалау органы тарапынан құқық бұзушылықтар үшін жалпы сомасы 9 миллиард теңгеден асатын айыппұлдар қарастырылған. Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және табиғи ресурстарды қорғау мәселелері прокуратураның тұрақты бақылауында», – деп хабарлады қадағалау органы.

Сонымен қатар мемлекетке келтірілген залал көлемі 2 миллиард теңгеден асқан жердің бүліну фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 332-бабының 2-бөлігімен қылмыстық іс тіркелді.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын Қарағанды облысы прокуратурасының салалық басқармасы жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, Павлодарда тұщы және тұзды көлдер орналасқан жер заңсыз сатылмақ болған.