Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қарағандыда жыл басынан бері 17 мыңнан аса алаяқтық қоңырау бұғатталды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды облысында жыл басынан бері 1 306 алаяқтық дерегі тіркелді. Оның 916-сы интернет-технологияларды пайдалану арқылы жасалған.

Қазақстандықтарға әлеуметтік инженерияға негізделген алаяқтық туралы ескерту жасалды
Фото: Gov.kz

Облыстық прокуратураның мәліметінше, өңірде тіркелетін қылмыстардың шамамен 40%-ын алаяқтық фактілері құрайды.

Интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың алдын алу үшін облыс прокуратурасы антифрод Call-орталығын іске қосты. Жүйе күмәнді телефон қоңырауларын анықтап, оларды арнайы дайындалған операторларға бағыттайды.

Call-орталықтың жұмысы нәтижесінде 17 мыңнан астам алаяқтық қоңырау анықталып, жолы кесілген.

Сонымен қатар, прокуратура «Қазақтелеком» АҚ және байланыс операторларымен бірлесіп, алаяқтық әрекеттерді дер кезінде анықтау және тоқтату бойынша жұмыс жүргізіп келеді.

— Мәселен, 83 жастағы әйелге бір күн ішінде бірнеше рет қоңырау шалып, депозитіндегі ақшаны иемденуге әрекет жасаған. Байланыс операторынан күмәнді белсенділік туралы ақпарат түскен соң, полиция қызметкерлері зейнеткердің үйіне барып, алаяқтардың әрекетін тоқтатты. Тағы бір жағдайда 80 жастағы әйел депозитінен 1,3 млн теңге шешіп алып, оны алаяқтарға аудармақ болған. Полиция қызметкерлері дер кезінде араласып, ақшаның аударылуына жол бермеді. Жыл басынан бері осындай шаралардың нәтижесінде 40 қарт азаматқа қатысты телефон алаяқтығының жолы кесілген, — делінген ведомство хабарламасында.

Прокуратураның мәліметінше, тұрғындар көбіне интернет-дүкендерде, танымал сауда алаңдарында және әлеуметтік желілердегі онлайн сауда кезінде алаяқтардың арбауына түседі. Сондай-ақ қылмыскерлер банк картасындағы операциялар, лотерея ұтыстары, инвестиция, өтемақы немесе жәрдемақы туралы жалған хабарламалар жібереді.

Кей жағдайда алаяқтар туыстарының немесе таныстарының атынан хабарласып, шұғыл ақша аударуды сұрайды.

Прокуратура азаматтарды сақ болуға және жеке деректерін бөгде адамдарға бермеуге, белгісіз сілтемелерге өтпеуге, бейтаныс адамдардың өтініші бойынша қосымшалар жүктемеуге және SMS арқылы келген растау кодтарын ешкімге айтпауға шақырды.

Осыдан бұрын алаяқтар қолды қылған қаражатты заң бойынша қалай қайтаруға болатынын жазғанбыз.