Қарағандының барлық саябақтарында тегін WI-FI қосылады
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қарағанды саябақтары мен гүлзарларында тегін WI-Fi пайда болады. Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев облыс орталығының тұрғындарымен кездесу барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Кazinform агенттігінің тілшісі.

Қарағандыда тұрғындар үшін қолайлы қалалық орта құру бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Саябақтарда тегін Wi-Fi қосу көзделіп отыр.
– Біздің мақсатымыз – Қарағандыны жаяу серуендеуге барынша ыңғайлы ету. Бұл ретте бізге өз ұсыныстарын жасап, жобаларын әзірлеп жатқан урбанистер көмектесіп отыр. Биыл жеті алаң абаттандырылды. Оңтүстік-Шығыстағы Сарыарқа гүлзарын абаттандыру бойынша ірі жобаға ерекше назар аударамыз. Жұмыстар әлі аяқталған жоқ, келесі жылы бұл алаң қала тұрғындары үшін жаңа тарту нүктесі болуы тиіс, – деді өңір басшысы.
Ермағанбет Бөлекпаев қала әкімдігіне барлық аудандардың гүлзарлары мен саябақтарында қысқы демалыс ұйымдастыруды тапсырды. Егер ауа-райы қолайлы болса, жеті мұз айдыны құйылады. Сарыарқа көшесіндегі саябақта мұз айдындары мен сырғанақтар пайда болады.
Естеріңізге сала кетейік, қыс мезгілінде Қарағанды саябақтарында 7 мұз айдыны жұмыс істейтін болады. Саябақтар басқармасының мамандары су құйып, даярлап жатыр.