Қарағандының жас кәсіпкерлері қала әкімінің грантына ие болды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қарағанды қаласы әкімінің 1,5 млн теңге грантын 10 жас кәсіпкер алды. Ісін жаңадан бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер бұл қаражатқа байқау комиссиясының іріктеуінен өткен жобаларды жүзеге асыруға жұмсайды.

Грант кәсіпкер
Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

Салтанатты табыстау Қарағанды қаласының Орталық мәдениет және демалыс саябағында өтті. Грант иегерлерін Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары, байқау комиссиясының төрағасы Дастан Құдабаев және Қарағанды қаласы жастар ресурстық орталығының басшысы Якуб Джамалов құттықтады. Ал сертификаттарды Қарағанды қалалық мәслихатының төрағасы Алтынтөре Бөкенов табыстады. 

Байқауға өз жобаларын 118 үміткер ұсынды. Оның ішінде байқау комиссиясы қала тұрғындары үшін ең креативті және пайдалы 10 адамды таңдауы тиіс болды. 

Байқау комиссиясының құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері, депутаттар, бизнес құрылымдарының өкілдері және қоғам қайраткерлері кірді. 

Барлық қатысушы жас кәсіпкерлер экономика, қаржы, құқық және бизнесті масштабтау салаларында алдын ала акселерациядан өтті, сонымен қатар көпшілік алдында сөз сөйлеу, elevator pitch, бизнес жобаларды тиімді қорғау, қызықтыратын сұрақтарға жауап алу тақырыптары бойынша офлайн оқытылды.

Жеңімпаз жобалардың қатарында 3D-басып шығару арқылы ерекше қажеттіліктері бар адамдарға протез жасау, STEAM заманауи және инновациялық әдістемесі бар IT-мектеп, гипс бұйымдарын шығаратын өндіріс, ерекше балаларға арналған Sezin инклюзивті шығармашылық орталығын ашу, Blackjump фитнес-студия филиалының ашылуы және т.б. бар. 

Қарағанды қаласы әкімінің 2024 жылғы грант иегерлері Александр Ермоленко, Ғабыләлі Балтабаев, Шолпан Ежебаева, Антон Субботин, Фатима Абылаева, Сүйіндік Қақабаев, Жазира Төлегенова, Мөлдір Нұрғазы, Қарақат Аманкелдиева және Диана Арай атанды. 

Қарағанды қаласы әкімінің гранты – жастар кәсіпкерлігін қолдауға және дамытуға бағытталған жоба. Ол үшінші жыл қатарынан іске асырылуда.

Соңғы жаңалықтар