«Қарағанды – Балқаш» тасжолы жыл соңына дейін ашылады
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында жүргізушілер жыл соңына дейін жаңартылған «Қарағанды – Балқаш» тасжолымен жүре алады. Бұл туралы республикалық маңызы бар автомобиль жолының учаскелерін тексеру барысында «QazAvtoJol» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ұлан Әліпов мәлімдеді.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, ұзындығы 363 шақырымды құрайтын «Қарағанды – Балқаш» тасжолын қайта жаңарту жұмыстары 2019 жылы басталған болатын. Қазіргі таңда тасжолдың барлық учаскелерінде құрылыс-монтаждау жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр.
Нақтырақ айтқанда, жер қазу жұмыстарының 73% (22,7 млн текше метр) орындалған. Сондай-ақ, жолдың 95 шақырымында жол негізінің қосымша қабаты, 41 шақырымында жол негізінің төменгі қабаты, 68 шақырымында жол негізінің жоғарғы қабаты, 58 шақырымында жол жабындысының төменгі қабаты төселді. Бұдан бөлек, жол саласының қызметкерлері 165 су өткізу құбырын орнатып үлгерді.
Қайта жаңартудан өткен соң жол 4 жолағы бар І-б техникалық санатындағы жолға сәйкестендірілетін болады. Айта кету керек, жолды кеңейту учаскелердегі қауіпті жерлер санын азайтып, жолдың көлікті өткізу қабілетін бірнеше есеге арттыра түспек.
Жоба бойынша 28 көпір мен жол өткелдері, 377 су өткізу құбыры, демалыс алаңдары мен елдімекендер маңында автопавильондар орнатылуы тиіс.
Мердігерлік ұйымдар – «СП КазГерСтрой» және CITIC Construction Co.Ltd компаниялары. Құрылыс жұмыстарына техниканың 1720 бірлігі, 2250 адам жұмылдырылған. 500 адам – нысанға жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындары.