Қарағанды драма театрында «Рақымжанның Қасымы» спектаклінің премьерасы өтті
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрында «Рақымжанның Қасымы» поэтикалық драмасының премьерасы өтті. Қойылым ақынның 110 жылдығына арналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты, актер-драматург Кеңес Жұмабековтің «Рақымжанның Қасымы» пьесасы бойынша Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Болат Ұзақов (Нұр-Сұлтан қаласы) сахналады.
Қазақ поэзиясының көгінде жұлдыз болып жарқырап, әсем ән болып шалқыған Қасым ақынның туған жерін сағынып, көгілдір Кент тауларын аңсап жыр толғаған сәттерінен басталады да, бірте-бірте балалық шағына ойысады.
Пьеса авторы Кеңес Жұмабековтың айтуынша, қойылымның негізгі ойы қазақтың дауылпаз ақыны Қасым Аманжоловтың өмірі жайлы ғана емес, қазақ даласында ауыз толтырып айтарлықтай ірі тұлғаларымыздың болғанын келер ұрпаққа жеткізу болып табылады.

Спектакльде Қасым өмірінің бірнеше кезеңі қамтылған, сондықтан да сахнада әр кезеңдегі Қасым образын театрдың бірнеше актері сомдайды.
«Драмада келтірілген мәліметтер ақынның өз шығармаларына және тарихи деректерге негізделген. Қасым туралы кезінде оның замандастары көп жазған. Сол деректерді 4-5 жыл аралығында жинақтап, осы драманы жаздым. Ақынның әрбір өлеңінің шығу тарихы, қиындық көріп, жетім қалғаны – барлығы осында қамтылып, көрсетілген. Спектакльде режиссердің концепциясы бойынша кемелденген Қасымның көз алдынан оның бүкіл өмірі өтеді. Алдымен бала Қасым, үлкендерден бата алатыны, әкесінің қайтыс болып, жетім қалуы, анасы басқа адаммен тұрмыс құрғанда оның Семейге жаяулатып кететіні, алғаш рет пианино мен мандалинді көріп, осы аспаптарда ойнауды үйренетіні, есейгенде Оралға барғаны – барлығы көрсетілген», – дейді Кеңес Жұмабеков.

Поэтикалық драмада сонымен қатар Қасымның әндері орындалады.
Ақын әндерін орындайтын театрдың жас артистерінен құралған хормен жұмыс істеген хормейстер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Жұмашев (Нұр-Сұлтан).
