Қарағанды емханаларына қандай шағымдар жиі келіп түседі

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Ай сайын Қарағанды қаласындағы №1 емхананың пациенттерді қолдау және ішкі бақылау қызметіне 70-ке жуық өтініш түседі. Бұл туралы сарапшы-дәрігер Елена Корнеева мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды емханаларына қандай шағымдар жиі келіп түседі

Қарағанды қаласының №1 емханасында пациенттерді қолдау және ішкі бақылау қызметі бес жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның құрамына сарапшы дәрігерлер, медбикелер және медициналық психолог кіреді.

«Қолдау қызметі мамандарының жұмысы пациенттердің өтінішін талдауды, даулы жағдайларды кәсіби басқаруды қамтиды. Көбінесе бізге дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, салалық мамандардың қабылдауына жазылу, қосалқы мердігерлік ұйымдарда медициналық көмек көрсету бойынша сұрақтар қойылады. Емханаға тіркелу және балаларды ана сүтін алмастырғышпен тегін қамтамасыз ету жөнінде де өтініш білдіреді. Әрбір шағым бойынша қызметтік тексеру жүргізіледі, хаттама жасалады. Егер дәрігердің кінәсі расталса, онда емхана директорымен бірге тәртіптік жаза белгіленеді», - деді Елена Корнеева.

Сондай-ақ, пациенттерді қолдау қызметі денсаулық сақтау стандарттарына сәйкес көрсетілетін медициналық қызметтерге ішкі бақылау жүргізеді. Сарапшы дәрігерлер халық алған медициналық көмектің көлемі мен сапасына медициналық сараптама жасап, анықталған медициналық қателіктерге талдау жүргізеді.

«Ай сайын біздің қызметке 60-70 өтініш түседі. Оның ішінде 10-ға жуығы хаттама ретінде рәсімделген қызметтік шағым. Қазір МӘМС енгізілуіне байланысты өтініштер саны артты. Көптеген пациенттер емханаға жүгінгенге дейін өз мәртебесін білмейді», - деп түсіндірді спикер.

Аптасына үш рет әртүрлі мамандықтағы дәрігерлер Instagram-да тікелей эфирде сұрақтарға жауап береді, онда әр жолы №1 емхананың пациенттерді қолдау және ішкі бақылау қызметтерінің телефондарының - 50-28-27 және 8-708-436-80-37 нөмірлері айтылады.

Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылдан бастап медициналық ұйымдарда «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 58-бабына сәйкес пациенттерді қолдау және ішкі бақылау қызметтері жұмыс істейді.

Олардың міндеті - «пациент - емхана» проблемалық мәселелерін анықтау және халыққа медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту.