Қарағанды гимназияларының бірінің түлегі ҰБТ-дан ең жоғары балл жинады
ҚАРАҒАНДЫ. Маусымның 7-сі. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Бүгін Қарағандыда Ұлттық бірыңғай тест тапсыру барысында №38-ші гимназияның түлегі Екатерина Митько ең жоғарғы көрсеткіш 125 балл жинады. Бұл туралы қалалық білім бөлімінен хабарлады.
«Біз өте ризамыз. Бүкіл облыс бойынша бұл жалғыз ғана өте жоғарғы көрсеткіш. Жалпы бүгін қарағандылық түлектер өздерін жақсы көрсете білді», деп атап өтті Қарағанды қалалық білім бөлімінің бастығы Жамбыл Жылбаев.
Қарағанды облысында ҰБТ өткен жұмада, маусымның 5-інде басталды. ҰБТ-ның алғашқы күнінде Балқаш, Жезқазған қалаларының ауылдық мектептерінің 2637 сынып бітірушілері тест тапсырды. Облыстық білім беру басқармасының мәліметтері бойынша, алғашқы күннің қорытындысына сәйкес орташа балл 77,2-ні құрайды. Ал «Алтын белгіге» үміткерлердің 47,2 пайызы, үздік атестатқа үміткерлердің 22 пайызы өз білімдерін дәлелдей алды. «Бүгінгі күннің қорытындысы шығарылу үстінде», дейді облыстық білім беру басқармасының қызметкерлері.
Ағымдағы жылы Қарағанды облысында мектеп бітірушілердің 80 пайызы, яғни 7500-ға жуық түлек ҰБТ тапсырады. Өңірде ЖОО-лар мен мектептер базасында ҰБТ тапсыратын 14 пункт ұйымдастырылып, тест тапсыратын күндер маусымның 5-і, 7-сі және 9-ына белгіленген. Облыста «Алтын белгіге» 236, ал үздік атестатқа 131 үміткер бар.