Қарағанды қаласында жылу тұтынуды екі есеге азайтатын терможаңғырту жобасы енгізіледі - С. Нокин
АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ағымдағы жылы Қарағанды қаласында тұрғын үйлерге Шығыс Еуропаның терможаңғырту тәжірибесі енгізілетін болады.
Аталған жоба жылу тұтынуды екі есеге дейін үнемдейді. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин мәлім етті.
Агенттік төрағасының айтуынша, былтыр Қарағанды қаласында тұрғын үй көмегін пайдалана отырып, басқарушы компания арқылы тұрғын үйлерді жөндеуден өткізудің ілкі жобасы басталған болатын. Ал бүгінгі күні аталған басқарушы компания табысы төмен отбасыларға тұрғын үйді жөндеудің көмегін рәсімдеуді жүргізуді бастады.
«Қарағанды қаласындағы бұндай ілкі жобаны іске асыру нәтижесінде Шығыс Еуропаның терможаңғырту тәжірибесі енгізілетін болады. Бұл тұрғын үйдегі жылу тұтынуды екі есеге дейін үнемдейді. Сонымен қатар, ғимараттардың төбе жабындысы жөнделеді, қасбеті жаңғыртылады. Мұндай жобаларды басқа өңірлерде іске асыру үшін тұрғын үй инспекциясының жұмысын жаппай ұйымдастыру маңызды. Алайда, қазіргі күні бұндай инспекциялар Ақмола, Жамбыл, Қостанай облыстарында әлі де ұйымдастырылмай отыр», - деді С. Нокин. Бұдан бөлек тұрғын үйлерді терможаңғырту және жөндеу жүргізу үшін пәтер иелеріне қолайлы әрі ұзақ мерзімді кредиттерге мүмкіндік қарастыратын қаржы құралы қажет. «Бұл әлемдік тәжірибеде бар үрдіс», - дейді ол.